Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қызылжарда күн күрт жылынып, көшелерді су басты

27.03.2023ж. 20:00
896
Қызылжарда күн күрт жылынып, көшелерді су басты

Қызылжарда күн күрт жылынып, көшелерді су басты. Шаһардың шеткі аудандарында суағарлар дұрыс тазаланбағандықтан, жер үйлер суда қалды. Ақтөбеде де жағдай мәз емес. Екі ауданда төтенше жағдай жарияланды. Аймақтардағы ахуалды тілшілеріміз тарқатып айтады.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Казгидрометтің хабарлауынша, Қызылжарда қысты күні жауын шашын мөлшері нормадан асқан жоқ. Алайда, Наурыз айында қар қалыпты мөлшерден 1.5 есе көп жауған. Оның үстіне соңғы күндері сынап бағанасы күрт жоғарылап, қала көшелері суға толды. Әсіресе Петропавлдың шеткі аудандарының тұрғындары қар суынан зардап шегіп отыр.

Людмила ЛУЦЕНКО, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Әкімдік суағарларды тазаламаған, қарды шығармаған. Соның кесірінен су үйге кірді. Екі күннен бері үйдің ішінде жылы киіммен, резеңке етікпен жүрміз. Тамақ ішіп, шай қояйын десең, үйде жарық жоқ. Тоқ соқпасын деп, айырып тастадық.

Қалада бес жеке үйді су басты. Коммуналдық қызметтер суағарлар мен арықтарда қатқан мұзды ерітіп әлек.

Эльмира СӘДУАҚАСОВА, ҚАЛА ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Жалпы 45 мың текше метр су сорылды. Барлығы ай-көмек диспетчерлік орталығына 293 өтініш келіп түсті. Барлық өтініштерді кезек бойынша біздің коммуналдық қызметтер суды сорып жатыр.

Ал төтенше жағдай мамандары облыста жағдай әзірге қалыпты дейді. Бірақ қырдағы еріген қар суынан қауіптеніп отыр. Себебі, жердің тоңы әлі жібімегендіктен, су топыраққа сіңбей жатыр.

Сәкен АҒЗАМОВ, СҚО ТЖД ЕСКЕРТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Облысымыздың үш ауданында тасқын қаупі жоғары. Мүсірепов, Айыртау мен Тимиряз аудандарында жауын шашын мөлшері нормадан бірнеше есе көп түскен. Сол жаққа қосымша күш жібердік. Сәуірдің басында өзендегі мұз ери бастайды. Сондықтан қарбалас енді басталғалы отыр.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Төтенше жағдай мамандары 85 ауылды бақылауға алған. Себебі су деңгейі көтерілген кезде алдымен осы елдімекендерді басуы мүмкін. Ақтөбеліктерді де тасқын су әбігерге салуда. Өңірдегі жағдайды әріптесім Бақыт Рахметова толығырақ жеткізеді.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Алға ауданында қырдан аққан су көпірді бұзып кетті. Қарақұдық ауылымен байналыс үзілді. Алғаның Қараағаш , Ақсазды, Самбай ауылдарымен де қатынас қиындаған.

Қарақұдық ауылының кіре берісіндегі бұл көпір былтыр ғана пайдалануға берілген. Арғы беттегі елдімекендермен қарым-қатынасты реттеу үшін әкімдіктегілер ауыл тұрғындарымен бірігіп айналма жолды қалпына келтіріп жатыр.

Нұрбол ЕРЖАНОВ, АЛҒА АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Қазіргі таңда Қарақұдық ауылы тұрғындарына Үшқұдық ауылы арқылы «Ақтөбе -Болгарка–Шұбарқұдық» облыстық маңызы бар жолға Ақтөбе қаласына, аудан орталығына қатынас жұмыстары ұйымдастырылды.

Өңірде екі көпір, жеті тас жолды су шайған. Жер кеуіп, жағдай тұрақталған соң бұл жолдарды жөндеу жұмыстары басталмақ. Қарақұдықтың көпірі де қайта дұрысталады.

Айбек ҚАЙЫР, ОБЛЫСТЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Құрылыс монтаж жұмыстары былтыр басталған болатын. Биыл аяқталады. Мердігер мекемеге нақты қаражаттар қарастырылған. Биыл ол жұмыстарды аяқтауға жоспарланған.

Ал Қобда мен Ойыл аудандарында қар суы тұрғын үйлерге кіріп, екі ауданда да төтенше жағдай жарияланды. Ойылда 11, ал Қобдада әлі 13 үйде су сору жұмыстары жалғасып жатыр.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Синоптиктер күннің күрт жылуына байланысты Ақтөбенің Қобда, Мәртөк, Хромтау, Алға, Әйтеке би, Ойыл аудандарында су тасқынының қаупі әлі бар екенін ескертеді. Өңірде жедел әрекет ету мақсатында су тасқынына қарсы облыстық штаб құрылған.