Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

ОСК Мәжіліс сайлауының ресми қорытындысын жариялады

27.03.2023ж. 20:00
977
ОСК Мәжіліс сайлауының ресми қорытындысын жариялады

Орталық сайлау комиссиясы бүгін Мәжіліс сайлауының ресми қорытындысын жариялады. Саяси науқанға 6 млн 366 мың 441 сайлаушы қатысып, өз таңдауын жасаған. Нәтижесінде, «Ақ жол» партиясы - 8,41 процент, «Amanat» партиясы - 53,90 пайыз, «Ауыл» партиясы - 10,90 пайыз дауыс жинады. Ал «Жалпы социал демократиялық» партиясына сайлаушылардың 5,20 проценті дауыс берген. «Байтақ» партиясы ең аз дауыс жинаған, оған респонденттердің 2,30 пайызы ғана дауыс беріпті. Сондай-ақ, Қазақстан халық партиясы – 6,80 пайыз, «Respublica» партиясы – 8,59 пайыз дауыс жинаған. Ал «бәріне қарсымын» деген нұсқаны сайлаушылардың 3,90 пайызы таңдаған. Нәтижесінде 5 проценттен көп дауыс жинаған 6 партияның өкілдері Парламент Мәжілісіне барады.

Нұрлан ӘБДІРОВ, ҚР ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Дауыс берудің қорытындыларына қарай, депутаттық мандаттар саяси партияларға төмендегідей бөлінеді. «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы - 6, «Amanat» партиясы - 40 «Ауыл» партиясы - 8, «Жалпы социал демократиялық» партиясына 4, Қазақстан халық партиясы – 5, «Respublica» партиясы – 6.

Мәжіліске бір мандатты жүйе бойынша сайланған депутаттардың да тізімі белгілі болды. Астана қаласынан Дәулет Тұрлыханов пен Дәулет Мұқаев, Алматыдан Ермұрат Бәпи, Ерлан Стамбеков пен Бақытжан Базарбек, ал үшінші мегополис Шымкенттен Данабек Исабеков пен Болатбек Нәжметдинұлы мәжілісмен болды. Ал қалғандары облыстардың атынан түсті. Осылайша бір мандатты округтер бойынша 29 депутат Мәжіліске сайланды. Сондай-ақ, сайлау күні заңды бұзған учаскелік комиссияның 19 мүшесі дереу шеттетілген.

Нұрлан ӘБДІРОВ, ҚР ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бас прокуратураның ресми ақпараты бойынша, дауыс беру күні 42 адамның тарапынан құқықтық бұзушылықтар тіркеліп, олардың барлығы жауапқа тартылды. Олардың ішінде 7 учаскелік комиссия мүшесіне әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 108-бабы, ал 18 учаскелік комиссия мүшесіне 110-бабы бойынша айыппұл салынды.