$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Қазақстан – осы геосаяси аймақта түбегейлі реформа жүргізіп жатқан бірден-бір ел», - Президент

29.03.2023ж. 20:00
1705
«Қазақстан – осы геосаяси аймақта түбегейлі реформа жүргізіп жатқан бірден-бір ел», - Президент

Бүгін Үкімет отставкаға кетті. Жарлыққа Президент қол қойды. Министрлер кабинетінің жаңа құрамы жасақталғанға дейін қазіргі Үкімет мүшелері өз міндеттерін уақытша атқарады. Мемлекет басшысы Премьер-Министрдің кандидатурасын сайлауда жеңіске жеткен партия ұсынады. Әрі саяси жауапкершілік те сол партияға жүктеледі деді. 8-сайланған Парламенттің алғашқы сессиясында сөз сөйлеген Президент еліміздің алдағы 5 жылдағы даму жоспарын айтты. Әр көтерілген мәселені шешуді Үкімет пен Парламентке жүктеді. Толығырақ отырысқа қатысқан тілшіміз Бекболат Сатуов тарқатады.

Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:

Алдағы бес жыл ел тағдыры шешілетін маңызды кезең болмақ. Елімізді қарқынды дамыту үшін сапалы заңнамалық база қалыптасады. Ол үшін экономикаға қажетті ережелер мен қағидалар өзгермек. Президент Парламент палаталардың бірлескен отырысында осылай деді.

Қазақстан – осы геосаяси аймақта түбегейлі реформа жүргізіп жатқан бірден-бір ел. Бір жыл ішінде маңызды 5 саяси науқан өтті. Осы өзгерістердің барлығы, ең алдымен, ел болашағы үшін қажет деді Президент. Алдымен халықтың тұрмыс сапасын жақсарту керек. Себебі ел бүгінге дейін жалған ұрандар мен неше түрлі тұжырымдамаларға, бағдарламаларға сеніп келгенін айтты. Сондықтан қоғамда құқықтық әділетсіздік белең алып, бай мен кедейдің арасы алшақтай түскенін атап өтті. Бүгінгі өзгерістер – ұзақ жолдың басы ғана деген Мемлекет басшысы ендігі жерде сөзді тек нақты іспен дәлелдеу керек екенін айтып, жауаптыларға бұл мәселелерді біртіндеп шешуді тапсырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Алдағы бес жылда Үкімет және Парламент осы негізгі мәселелердің шешімін табуы қажет. Біз еліміздің белдеуін бекемдеп тартуымыз керек. Экономикада және әлеуметтік салада жылдар бойы жиналып қалған түйткілдер бар. Оның барлығын ретке келтіруіміз қажет. Сол үшін жұрттың бәріне бірдей жаға бермейтін, бірақ тиімді әрі қажетті шешімдер қабылдау керек болады.

Мемлекет басшысы елімізде демократия дәстүрі жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. Бірақ, өзгерістер мұнымен бітпейді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, реформалар жалғаса береді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз Отанымызды өркендету жолында зор бетбұрыс жасап, жаңа дәуірге қадам бастық. Бірақ өзгерістер мұнымен бітпейді. Бұл – ұзақ жолдың басы ғана. Реформалар жалғаса береді, саяси құрылымды жетілдіру қажет. Бұл – аса маңызды жұмыс.

Президент сондай-ақ кәсіпкерлік саласын дамыту маңызды деді. Себебі былтырдан бері саяси жүйені жаңғыртуға баса мән бердік. Енді экономикадағы нақты мәселелермен айналысатын кез келгенін айтып, үкіметке депутаттармен бірлесіп, орта бизнесті дамытудың тың тәсілдерін әзірлеуді тапсырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен еліміздің кәсіпкерлеріне үндеу жасағым келеді. Қазақстан – бәріміздің ортақ мекеніміз. Ендеше, қастерлі Отанымызды бірге өркендетейік, болашағымызды бірге құрайық. Мен Президент ретінде Сіздерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетініне кепілдік беремін.

Мемлекет басшысы әбден тозығы жеткен энергетика инфрақұрылымын да назардан тыс қалд ырмады. Биыл бірқатар аймақта қалалар мен елдімекендер жылусыз қалғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз еліміздің инфрақұрылымдық қуатын қалыптастыруымыз қажет. Сондықтан мен Ұлттық инфрақұрылым жоспарын қабылдауды ұсынамын. Құжатта осы саладағы басты мәселелер ашық көрсетілуге тиіс. Сонымен бірге 2029 жылға дейін іске асырылатын негізгі жобалар қамтылуы қажет.

Президент тапсырмалары жаңадан жасақталған депутаттардың айнымас темірқазығына айналуы тиіс. Себебі президент нақты әрі шешілу тиіс мәселелерді айқындап берді дейді сарапшылар.

Риззат ЕЛЮБАЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:

8 шақырылым депутаттары алдында тұрған басым бағыттар көрсетілді президент тарапынан. Яғни оны жалпы президент 8 бағытқа жіктеген болатын. Аңғарсаңыз басым көпшілігі әлеуметтік экономикалық мәселелерге аударылды. Яғни үкіметтің алдында үлкен мақсаттар тұр. Енді алдағы жасақталған үкімет соны тез арада жүзеге асыру керек.

Ерлан АХМЕДИ, САЯСАТТАНУШЫ:

Бұл мемлекет басшысының соңғы 3-4 жыл бойы жүргізіп келе жатқан саяси реформалардың үлкен бағдарламасының бір бөлігі. Әрине, өте маңызды жаңалық, демократияландыру тұрғысынан жетістік деп айтуға болады, өйткені адамдар өздері анықтайды белгілі бір аудандарды кім басқарады. Яғни, әкімнің жауапкершілігі, сондай-ақ азаматтардың жауапкершілігі артып келеді, өйткені олар кімге дауыс бергені үшін де жауапты болады.

Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:

Президент біраз мәселенің бетін ашты. Ел үшін өзекті деген бағыттарды нақтылап, атап көрсетті. Халықтың тұрмыс сапасы әлі күнге дейін жақсы еместігін, Құқықтық әділетсіздік белең алғанын, бай мен кедейдің арасы алшақтай түскенін айтты. Экономикада және әлеуметтік салада жылдар бойы жиналып қалған түйткілдер бар. Соның барлығын ретке келтіру қажет деген Мемлекет басшысы алдағы 5 жылға Үкімет пен Парламентке нақты міндеттер жүктеді.