$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Павлодар облысы тұрғындарының салық бойынша берешегі 653 млн теңгеге жеткен

AstanaTV
30.03.2023ж. 18:45
1817
Павлодар облысы тұрғындарының салық бойынша берешегі 653 млн теңгеге жеткен

Павлодар облысы бойынша тұрғындардың салық жөнінде берешегі 653 млн теңгеге жеткен. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Ерболат Ғаббасов мәлім етті.

Pavlodarnews.kz мәліметіне жүгінсек, тұрғындар 1 сәуірге дейін міндетті салықтарды толығымен төлеуі тиіс.

«Салықты кешіктірген жағдайда бір ай уақыт береміз. Осы мерзімде салық төленбеген жағдайда салықтық бұйрық жариялап, бес күндік Push-хабарлама жібереміз. Мұндай жағдайда ескертуге де немқұрайлық танытса, мәселені сот арқылы шешуімізге тура келеді», – дейді Ерболат Ғаббасов.

Басқарма басшысының айтуынша, өңір тұрғындарының салық бойынша берешегінің басым бөлігі – көлік салығы. Бұл сома 580 миллион теңгені құрайды. Ал тұрғын үй салығы – 73 миллион теңге.

Жалпы берешектің 90%-дан астамы облыстың үш қаласының тұрғындарына тиесілі. Мәселен, Павлодарда 7000-нан астам салық төлеушінің 450 млн теңгеге жуық, Екібастұзда – 300-ден астам жеке тұлғаның бюджетке 46 млн теңгеге жуық және Ақсуда – 865 салық төлеушінің 41 млн теңгеден астам бюджетке берешегі бар.

Салық бойынша аудандар арасында Павлодар ауданы тұрғындарының берешегі басым – 11 500 млн теңге, Успен ауданында – 10 млн теңгеден астам.

Естеріңізге сала кетейік, жеке тұлғалардың 2022 жылға көлік құралдарына салық төлеуі 2023 жылғы 1 сәуірден кешіктірілмейтін мерзімде жүргізіледі.