Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Түркістан облысында бал арасы қырылып жатыр

30.03.2023ж. 20:00
1758
Түркістан облысында бал арасы қырылып жатыр

Түркістан облысында омарташылар миллиондаған шығынға батты. Шардара қаласында ұяшықтардағы бал аралары жаппай қырыла бастаған. Шаруалар бұған жергілікті жерде кенеге қарсы дезинсекция жұмыстарының ескертусіз жасалғаны себеп дейді. Дәрілеу салдарынан күнкөрістен қағылдық деп шырылдаған омарташылардың жанайқайын өңірдегі әріптесім Айзада Төребекқызы жеткізеді.

Омарташылар осылай деп шыр-пыр. Олар мұның бәрі елдімекен маңында жүргізілген дәрілеу жұмыстарының салдары деп пайымдайды.

Жергілікті басылымдағылардың айтуынша, СЭС хабарландыруды дүйсенбі күні ғана беріп кеткен. Бірақ ол газетке 31-наурыз күні шығады. Ал өздері 27-не бастап кеткен дәрілеу жұмыстарын жүргізген. Шардарадағы бал араларының тең жартысын екі күн ішінде қырып тастады.

Бір ауланың өзінде тұрған ұяшықтардан 4-5 млн теңге шығын келді. Осыдан басқа жұмысы жоқ адам енді өз отбасын қалай асырайды?!деп жыларман омарташылар.

Евгения КАТИГРОБОВА, ОМАРТАШЫ:

Міне, бәрі қырылып жатыр. Енді бәрін тастауға тура келеді... Тірі қалғандарының өзі әлсіз....Ішің удай ашиды...Аман қалғандарының өзі іштегілерін улап, ауруға ұшырайтын болды.

Белгілі болғанындай, дезинсекциялау конго-қырым гемаррогиялық қызбасына қарсы жүргізілген. Облыстық дезинфекциялау орталығы мамандары бұл шаруаны ветеринарлық қызмет мамандарымен бірлесе бір күнде бастағандарын мәлімдеді. Оны әдеттегідей жергілікті әкімдікке жазбаша түрде бір апта бұрын хабарладық дейді.

Сәуле САПАРОВА, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕЗИНФЕКЦИЯ ОРТАЛЫҒЫ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Шардара қаласы бойынша бізге берілген жоспар бойынша берілген елдімекендер қорғау аймағында бұталы айма жоқ. Тек жазық дала. Суреттеріміз бар, ашық жерге біз шашамыз. Ол жерге ара қонуы мүмкін емес. Ағаштар жоқ.

Мәселеден облыстық санитарлық-эпидемиологиялық департаменттегілер де хабардар. Бұл жұмыстар тіпті әлеуметтік желі арқылы хабарланды дейді олар. Бал араларының өлуіне бірнеше фактор себеп болуы мүмкін екенін айтады.

Бақтыораз ЕЛЕМЕСОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ- ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Тіптен біздің дезинсекция атқармаған, тіптен алыс дачный участоктарда аралар өліп жатыр деген хабар келді. Ол аралардың өздерінің арасында да эпидемия жүруі мүмкін әртүрлі себептерден. Сол себепті бұны әрі қарай әрине зерделеу керек. Біздің ойымызша, дезинфекциялау орталығы мамандарының әрекетінен деп ондай айта алмаймыз.

Омарташылар қоғамының қазіргі есебінше үш шаруашылыққа келген шығын 10 млн теңгеге жуықтайды. Жылда қайталанатын қиындықты жылда көтергенмен ешкім құлақ асар емес дейді.

Төрехан НАРМҰХАМЕДОВ, ОМАРТАШЫЛАР ҚОҒАМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Келешекте бұл мәселе дұрыстап қаралуы керек. Енді олар документ қағаз жинап арыз жазып жатыр, прокуратураға онан кейін сотқа берейін деп жатыр. Ол кінәлі адам бәрібір табылады. Ешжаққа кете алмайды. Сол ақшасын төлетсе сонда ғана меніңше тәртіпке келеді.

Омарташыларға бұл аралар биыл кем дегенде 100 млн теңге табыс әкелуі тиіс болған. Енді олар келген шығынның өтелуін талап етуде.