Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Париж тұрғындары электрлі самокатты жалға беру мәселесін дауысқа салмақ

AstanaTV
01.04.2023ж. 10:27
635
Париж тұрғындары электрлі самокатты жалға беру мәселесін дауысқа салмақ

2 сәуір күні Парижде электрлі самокаттарды жалға беру мәселесіне қатысты референдум өтеді, деп хабарлайды Астана телеарнасы Euronews-ке сілтеме жасап.

«Электрлі самокаттарды еркін жалға беру қызметін жалғастыру қажет пе, жоқ па?» Мэрия қала тұрғындарына осы сұрақты қояды.

Қазір Париж көшелерінде 15 мың шамасында электрлі самокат бар. Мобильді қосымша арқылы жалға алып, кез келген жерде қалдырып кете беруге болатын бұл қозғалыс құралына қатысты пікір екі түрлі. Тұрғындардың бірі бөлігі олар тротуарларда көп орын алады, жаяу жүретіндер үшін қауіпті деп санайды. Ал, енді бірі бұл қоршаған ортаны ластамайтын, Франция астанасында жылдам қозғалуға мүмкіндік беретін қоғамдық көліктің баламасы екенін алға тартады.

Париж мэрі Анн Идальго тыйым салуды қолдайтынын, бірақ шешімді тұрғындар қабылдайтынын мәлім етті.

Айта кетсек, өткен жылы жергілікті полиция осы қозғалыс құралына қатысты 400 оқиғаны тіркеген, 459 адам зардап шегіпті. Тротуармен жүру, қозғалыс кезінде мобильді телефон мен құлаққап пайдалануға тыйым салынған. Кейбір аудандарда жылдамдыққа шектеу бар. Ереже бұзғандарға 1 500 еуроға дейін айыппұл қарастырылған.

Алматыда да бұл мәселенің өзекті екені жазылып жүр. Қала әкімі Ерболат Досаев электросамокат, мопедтерден туындайтын мәселелерді шешу туралы айтқан еді.