$523.86 €544.34 ₽5.11
×

Атырауда жетім балалардың пәтер кезегі жылжымай жатыр

05.04.2023ж. 20:00
1018
Атырауда жетім балалардың пәтер кезегі жылжымай жатыр

Атыраудағы жетім балалар үйінің түлектері 10 жылдан бері пәтер кезегі жылжымай жатыр деп дабыл қағуда. Бүгін олар жанайқайын жеткізу үшін қаладағы тұрғын үй бөлімінің алдына жиналды. Шарасыздық шырмауынан шыға алмай, анасыз һәм панасыз қалғандармен тілшіміз тілдесті.

Гүлжанат Өтеғалиева дүниеге келгеніне 15 күн ғана болған нәрестесімен әр есікті жағалап жүр. Жолдасының жалақысы пәтерақыдан артылмайды. Ал баспана кезегі жылжыр емес.

Гүлжанат ӨТЕҒАЛИЕВА, БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ ТҮЛЕГІ:

Үй жалдап тұрамыз қазіргі таңда 4 баламен жолдасыммен. Былай айтқанда қаңғып жүрміз ғой енді. 2017 жылдан бері үй кезегінде тұрмыз жетімдер категориясымен. Ешқандай жылжымайды кезек.

Ал Дмитрий Перепликовты үш бауырымен бір кезекке тіркеген. Төртеуіне бір бөлмелі пәтер беріп, кейін қайтарып алды,- дейді. Кенже інісі қазір әпкесінің жанында. Қалған екеуі отбасын құрып, бөлек тұрады.

Дмитрий ПЕРЕПЛИКОВ, БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ ТҮЛЕГІ:

1 қыз, 3 бала. Әлі алмадық, қаңғып жүрміз. Тамақ пен коммуналка төлеуге жетеді. Және пәтер жалдап жатырмыз 150 мың теңгеге.

27 жастағы Жанболат Сапиев те өз баспанасына қол жеткізе алмай жүр. Пәтер кезегінде 526-шы болып тұр.

Жанболат САПИЕВ, БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ ТҮЛЕГІ:

2012-де бітірдік, сол кезде қойып тасау керек қой негізі, бірақ 2015-2016-ға тіркеп қойды. Интернат бітірген соң колледжге түстім. Колледж бітіргеннен кейін әскерге барып келдім. Содан келдім, пәтер жалдап әлі жүрміз.

Атырауда соңғы үш жылда жетімдерге баспана берілмеген. Өйткені жалға берілетін үй салу тоқтап тұр,- дейді тұрғын үй секторының меңгерушісі Рафхат Жолдиев.

Рафхат ЖОЛДИЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:

Қазір біз Талғайран ықшам ауданындағы үйлерді қарап жатырмыз, жалға беру мәселесін. Содан кейін жоспарлаймыз қаражат бөліп, өзіміздің жергілікті бюджеттен кезектегі адамдарға үй беру. Ол енді 1-2 жылда бітетін мәселесі.

Шаһарда 1174 жетім пәтер кезегінде тұр. Егер жалға берілетін үй салынса,оның 20 проценті ата-ана қамқорлығынсыз қалғандарда үлестіріледі.