Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

«Баламды өлтіріп берді!»: Алматы облысында күтушіге сау баласын апарған ата-ана перзентінің мәйітін алып қайтты

06.04.2023ж. 20:00
1266
«Баламды өлтіріп берді!»: Алматы облысында күтушіге сау баласын апарған ата-ана перзентінің мәйітін алып қайтты

Алматы облысы Жаңалық ауылында күтушіге сап-сау баласын апарған ата-ана перзентінің мәйітін алып қайтты. 1 жасар Нұрасылдың өліміне не себеп? Бала күтушісі кінәні кімге артып отыр? Ал қайғыдан қан жұтқан ата-ана не дейді? Тараптарды тілшіміз Мөлдір Жақан тыңдады.

Марқұм Нұрасылдың ата-анасы көршісіне балаларын соңғы екі айдан бері әкеп жүрген. Себебі өздері қалада ауысыммен жұмыс істейді. Көршісі де балаларды ақылы түрде бағып беруге келіскен. Әдеттегідей, жұмыстан кейін екі баласын алып кетуге келген ата-ана кіші ұлының есінен танып жатқанын көреді. Дереу жедел жәрдем шақырғанымен, бүлдіршінді аман алып қалу мүмкін болмады. Күтушінің сөзінше, ол шай демдеп келгенде қызының Нұрасылды буындырып жатқан жерінен түскен.

Алтынай КУЧЕРОВА, ЖАҢАЛЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

«Өзімнің 3 жасар қызым прям тұншықтырып жатыр екен сенің балаңды» деді. «Сөйтіп бала өліп кетті» деді. Бізге экспертизаға моргке барғанда «басы да ұрылған екен» деп айтты. И мойнында іздері болған. Мен естіп жатырмын ол әйелдің бостандықта жүргенін. Неге 10 күнде босатылып шығады?

Әділдік іздеген ата-ана күдіктінің неліктен бостандыққа шыққаннын түсінбей дал. Олар бұл іс аяғына дейін жетпей қала ма деп қорқады. Құзырлы органдардың табалдырығын тоздырғанымен, ешкімнен мардымды жауап ала алмаған.

Қаржаубай ҚИЫНБАЕВ, ЖАҢАЛЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Кеше біз таңғы 4 ке дейін Талғар ауданының РОВД алдында тұрдық. Прокуратураны да шақырдық. Дежурный прокурор ғана келді, бас прокурор келген жоқ. Ашып ештеңе айтқан жоқ. Бұл жерде өліп тұрған менің балам ғой. Мен ешкімге кешірім бермеймін. Әрі қарай іс қозғалып, жүргенін қалаймын.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Жантүршігерлік оқиға, міне, дәл осы үйде болған. Қазір баспана күдіктінің ата-анасының қарауында. Бұл жағдай олардың да жанына батып отыр.

Айыпталушының ата-анасы қызының мұндай ауыр қылмысқа қасақана баруы мүмкін екендігіне сенбейді.

Батихан ТАЛДЫБАЕВА, АЙЫПТАЛУШЫНЫҢ АНАСЫ:

Тәрбиелі, жақсы-ақ. Өзі енді қалай неғып қалғанын білмеймін ғой. Осы мына кішкентай дейді ғой. Балажан, ашық, сондай өзі мейірімді. Бәріне жаны ашып тұратын. Батып тұр жаныма.

Талғар аудандық прокуратурасының ақпаратынша, әу баста бұл іс ҚК-тің 141 бабы бойынша қозғалса, 99-шы «Адам өлтіру» бабымен қайта сараланған.

Рашид ШОТБАЕВ, ТАЛҒАР АУДАНДЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ:

Күдікті ұсталып, оған қатысты 10 тәулікке қамаққа алу түрінде бұлтартпау шарасы тағайындалған. 10 күн өткеннен кейін кеше Талғар аудандық полиция басқармасы бізге бұлтартпа шарасын тағайындау бойынша екі айға өтініш хатпен жолдаған болатын. Аталған қылмыстық іс құжаттарын зерделей келе, құжаттар толық емес екені анықталды. Осыған орай біз оны қайтардық. Бүгін ол құжаттар толықтырылып, аудандық прокуратураға қайта жолданды.

Оқиғаның мән-жайы алдағы уақытта белгілі болмақ. Марқұмның ата-анасы шындық ашылып, кінәлілер әділ жазасын алсын деп талап етіп отыр.