Алжир елінде шейх Уәлид Михсастың тарауық намазын оқып тұрған сәтінен видео көпшіліктің назарына ілікті. Бұған шейх намаз оқып жатқан сәтте мысықтың кадрға ілігуі себеп болған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ CBCNews-тің Instagram парақшасына сілтеме жасап.
Оқиға Алжир еліндегі мешіттердің бірінде болған. Видеодан Уәлид Мехсас намаз оқып тұрған сәтте мысық оның сол жақ иығына секіріп мініп, бетін сипалай бастағанын байқауға болады. Алғаш Шейхтің желі парақшасында жария болған бұл видеоны телеарна өз Instagram парақшасында бөліседі. Телеарна жазбасы он мыңға жуық лүпіл мен 400-ге жуық пікір жинап үлгерген. Видеоны көрген желі қолданушылары шейхтің әрекетіне сүйсініп, пікірлерін жаудырды. "Мысық жақсы көңіл күй сыйлады", "Нағыз шебер, мән бермей жалғастыра берді", "Маған оның дұға оқып тұрған кезде күтпеген жерден мысықтың келгенін қалай қабылдағаны ұнады. Әп-әдемі көрініс", "Бір рет те жаңылысқан жоқ. Тәнтімін", - деп жазды пікір қалдырушылар.