Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Алматыда белгісіз біреу әйелдің басы салынған дорбаны дүкенге тастап кеткен

12.04.2023ж. 20:00
1456
Алматыда белгісіз біреу әйелдің басы салынған дорбаны дүкенге тастап кеткен

Бүгін Алматы тұрғындары дүр сілкінді. Белгісіз біреу сауда орталығындағы шұжық дүкеніне адамның басы салынған дорба қалдырып кеткен. Куәгерлердің айтуынша, оны бетперде және қолғап киген адам әкеп тастаған көрінеді. Ал марқұм әйелдің денесі Шолохов көшесіндегі қараусыз қалған ғимараттың жанынан табылған.

Тамила БАШИРОВА, КУӘГЕР:

Шамамен 60 жастағы, бойы ұзын, көк түсті киімдегі ер адамды көрдім. Ол бетперде және қолғап киіп алған. Осы жерден өтіп, дүкенге кіріп кетті. Өзі тым сабырлы болды. Бірақ қолындағы пакетті байқап үлгермедім.

Жедел-тергеу тобының жұмыстары нәтижесінде әйелдің жеке басы анықталды. Ол тұрақты тұрғылықты жері жоқ 1976 жылы туған азаматша болып шықты. Бұрын есірткі қылмысы үшін бірнеше рет сотталған. Ал күдікті іздестіріліп жатыр.

Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ қ. ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Түрксіб аудандық полиция басқармасымен ҚР ҚК-нің 99-бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қылмысты ашуға және оның мән-жайын анықтауға бағытталған жедел іс-шаралар кешені жүргізілуде. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес қылмыстық істің өзге де мәліметтері жария етуге жатпайды.