Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Қабірдің бағасы - 130 мың теңге

12.04.2023ж. 20:00
1708
Қабірдің бағасы - 130 мың теңге

Тал бесікке түскен адам жер бесікке де түседі. Елімізде жерлеу қызметі қымбаттады. Бір жылда үш есе өсті дейді - сарапшылар. Қабір қазу бизнеске айналды ма? Жауаптылар не дейді? Әріптесім Дәрібек Бахытбек білуге тырысты.

Дәрібек БАХЫТБЕК, ТІЛШІ:

Дәл қазір қазылып жатқан бұл қабірдің бағасы 130 мың теңге. Сонда сіз биіктігі небәрі 90 см, ұзындығы 2 метр жерді осынша ақшаға сатып аласыз. Әрине, әркім өз қалтасына қарайды. Соған сәйкес құны да өзгереді.

Бұл зиратқа күніне кем дегенде 3-4 адам жерленеді. Оларға көрсетілетін қызметтің қымбаттағанын мұндағылар жасырмайды. Төленетін ақыға қабір қазу, оған қаланатын кірпіш пен бас ағаш кіреді.

Нұрболат ӘБДІРАХМАНОВ, АРНАЙЫ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ БЮРОСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Алдыңғы жылы көтерілген бұл баға. Оған дейін 3 жылдай тұрақты 97 мың болып тұрған. Көтерілген себебін өздеріңіз де білесіздер. Қазіргі уақытта қымбатшылық. Жұмыскерлердің жалақысы бар, еңбек ақысы бар және мына мекеменің төленіп жатқан салық тағы басқа төлемдері бар.

Соңғы кезде қаза болған кісіні ақы беріп жуындыратындар да көбейген. Тек телефон арқылы сұхбат беруге келіскен Айгүлдің мұндай қызметпен айналысқанына 3 жылға жуықтапты. Ол әсіресе, пандемия кезінде шақыртулардың көп болғанын айтады.

Айгүл, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

10 мың теңге береді. Жуындырып, киім пішіп, ақтыққа орап, кілемдеріне орап береміз. Көбінесе бізді мешітте молдалар шақырады, көмектесесіздер ме деп. Таныстарға барғанда көбіне ақысыз істеп береміз, "сауап қой" деп. Еркек адамға ер адамды ертіп барамыз.

Ресми мәліметке сүйенсек, былтыр елімізде 134 мың адам қайтыс болған. Жерлеуді ұйымдастыру бағасы, әсіресе Маңғыстау облысында жоғары.

Онда аталған қызмет құны шамамен 62 процентке өскен. Мұнан соң Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Жетісу облыстары тұр.

Ал, тұрғындар жерлеу рәсімінің қымбаттығына наразы.

БЛИЦ:

- Дұрыс емес деп ойлаймын. Өйткені адам қайтыс болғаннан кейін отбасы жағдайы қиын жағдайға душар болады ғой.

- Туысқанымызды жерлегеннің өзіңде жерінің өзің сатып алып жатырмыз. Мысалы 100 мың төлейсің жанағы өздері қабірін бәрің дайындап береді

- Негізі былай дұрыс секілді оның бәрі. Ол өлген адамға жерді былайда беру керек ғой құр.

Өмір бар жерде өлім бар. Бірақ, оны бизнеске айналдырған дұрыс емес дейді көпшілік. Баға өссе де ол қызметке жүгінуге мәжбүр. Биыл осы мақсатқа төленген қаржы мөлшері 13,9 миллиард теңгеден асқан. Бұл өткен жылдан 2 есе көп.