Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Депутаттар қаржы пирамидаларын, онлайн казиноларды жарнамалағандарды заңмен қудалауды сұрады

12.04.2023ж. 20:00
681
Депутаттар қаржы пирамидаларын, онлайн казиноларды жарнамалағандарды заңмен қудалауды сұрады

Қазақстанда 350 мыңнан астам адам құмар ойынның кесірінен миллиондаған қарызға батқан. Мәжіліс депутаттарының есебінше олардың әрбірінің берешегі 10 миллион теңгеден асады. Ал ойын ұйымдастыру және бәс тігу орындары былтырдың өзінде жарты триллион теңге табыс тапқан. Букмекерлік компаниялардың жарнамасына тыйым салайық деген депутаттар Үкіметке бірнеше ұсыныс айтты.

Павлодар қаласынан екі жыл бұрын елордаға жұмыс істеуге келген 28 жастағы Сергей оңалту орталығында қазір. Өздігінен тәуелділігін тоқтата алмаған жігіт, еріксіз мамандарға жүгінген. Қазір жақындарыма қарауға бет жоқ дейді. Алғашында бәске 10 мыңдап ақша тіккен. Кейіннен онлайн казинолардың ойындарына 200, 300 мың теңгелеп салыпты. 50 беріп жүз аламын деп дәмеленген жігіттің қарызы 50 миллион теңгеге бір-ақ жеткен.

Сергей ПАПОВ, ЕМДЕЛУШІ:

Онлайн казино туралы білгеннен кейін 2 айда мен 3 млн теңге ұтып алдым. Содан кейін тоқтай алмадым. Ешқайда шығып керек емес, жұмыста отырып-ақ мен ақша тігіп ойнайтынмын. Солай 42 миллион ұтылдым. Мен біліп тұрсам да, іштей қазір ұтып алсам, ұтылған ақшамды қайтарып алсам деген ой маза бермеді.

Құмар ойындар заман құбылған сайын түрленіп, зияны да ұлғайып барады. Лудомания, яғни ойынға тәуелділіктің дүниежүзінде ауру ретінде қарастырылып, осыған байланысты арнайы медициналық терминнің енгізілуі де тегін емес.

Владислав ДАНИЛЮК, ОРТАЛЫҚТЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

Ойынға құмарлық ауқымды проблемаға айналды. Олардың саны соңғы жылдары 2-3 есе өсті. Көбіне олардың өздері емес, жақындары, ата-аналары хабарласады. Себебі олар бастапқыда болып жатқан жағдайды мойындағылары келмейді.

Оңай олжа аламын деген ой лудоманияның лайына батырады. Арты қылмысқа, не адам өліміне әкеледі дейді Мәжіліс депутаты.

Руслан БЕРДЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының деректеріне сәйкес 2022 жылы 157 мыңнан астам қылмыстық құқық бұзушылық жасалған, оның 20 %-ы немесе 31 мыңнан астамы құмар ойындар негізінде жасалған. Бұдан басқа, 2022 жылғы статистикалық деректерге сәйкес, 3 676 суицид фактісі жасалды, оның әрбір бесіншісін құмар ойындарын ойнайтын адам жасаған.

Қырғызстанда букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың қызметіне қатаң тыйым салынған. Ал Өзбекстанда құмар ойындарды ұйымдастыру заңмен қудаланады. Оңтүстік Корея өз азаматтарын ойын мекемелеріне тіпті кіргізбейді. Қытайда -ең қатал жаза, онлайн-казино ойыншылары сотталады. Бұдан басқа, қатаң цензура бар және құмар ойындармен байланысты барлық интернет-сайттар бұғатталған. Ал біздің елде қатаң тыйым болмай тұр,-дейде депутат Жанарбек Әшімжан.

Жанарбек ӘШІМЖАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Букмекерлік кеңселер өз қызметін жарнамалауға және қазақстандықтарды құмар ойындарға барынша көп тартуға миллиондаған теңге жұмсап отыр. Олардың теледидарда, радиода және интернетте жарнамасы қызып тұр. Еліміздің жетекші теле-радио арналары отандық және шетелдік спорт трансляциясы кезінде буын бұрқыратып букмекерлік кеңселерді жарнамалауда.

Депутаттар букмекерлік кеңселердің жарнамасына тосқауыл қойып, супермаркеттер мен қоғамдық орындарда самсап тұрған лотерея терминалдарын орнатуға және лотерея билеттерін таратуға тыйым салу керек дейді. Сондай-ақ, банкрот деп танылған, және несиесін 3 ай бойы төлемеген адамдарды букмекерлік кеңселерге кіргізбеу керек деген ұсыныс айтты.

Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Құмар ойындар тек ойын-сауық емес, зиянды салдарға әкелуі мүмкін қауіпті індет. Отбасы бұзылады, тағдырлар бұрмаланады, ал ең жаманы – жақындарымызды орны толмас қайғыға әкеледі. Ойнамайық, ойланайық!