Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

«Дамудың басты кілті – ғылым», - Президент

12.04.2023ж. 20:00
1456
«Дамудың басты кілті – ғылым», - Президент

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің алғашқы отырысын өткізді. Жиында еліміздің ғылыми-техникалық саясатының алдағы басымдықтары айқындалды. "Қай заманда да дамудың басты кілті - ғылым" деген Мемлекет басшысы, саланың қарқынды дамып жатқанына тоқталды.

Елімізде ғылымды қаржыландыру тәсілдері жақсарып, қаржы көлемі едәуір артқан. Ғылыми мекемелер біртіндеп жаңғыртылып, әлемге әйгілі орталықтарда тәжірибе алған мамандар көбейіп келеді. Десе де, ғылым саласы әлеуметтік-экономикалық өркендеуге әлі де тың серпін бере алмай отыр деген Мемлекет басшысы, олқылықтың орнын толтыруды тапсырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ғылым мен технология өте қарқынды дамып жатыр. Нейрожелі және жасанды интеллект революциялық үдерістерге бастау болып жатыр. Энергетика, медицина, био және гендік инженерия саласында ілгері жаңалықтар ашылды. Бір сөзбен айтсақ, заман өте жылдам өзгеріп жатыр. Біз осы өзгеріске бейімделуіміз керек.

Президенттің пікірінше, Үкімет Қазақстанда ғылымның ашық моделін қалыптастыру үшін кешенді шараларды жүзеге асыруы керек. Ғылыми-жаратылыстану, инженерлік-технологиялық және әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы мықты ғылыми орталықтар мен институттарды ашу қажет. Сондай-ақ уәкілетті органға жыл сайын докторантураға қабылданатындардың санын 5 мыңға дейін жеткізіп, ғалымдардың ғылыми дәрежесі мен атағына қарай төленетін үстемеақыны 1,5 есеге арттыруды жүктеді. Ал Ғылым академиясының академиктеріне өмір бойы стипендия төленетін болды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазір көптеген ғылыми мекеменің материалдық-техникалық жағдайы мәз емес. Тіпті нашар деуге болады. Ғалымдардың жалақысы төмен. Сол себепті кейбір дарынды ғалымдарымыз шетелдің ғылыми орталықтарында жұмыс істегісі келеді. Мұны ашық айтуымыз керек. Ғылыми зерттеу институттарының жұмысы қаншалықты тиімді екеніне талдау жасау керек. Жас ғалымдар онда ықыласпен жұмыс істеуі үшін жағдай жасау қажет.

Сарапшылар елдегі ғылым саласы өндіріспен тығыз жұмыс жасаса дамыған елдер қатарына кіреді деп сенеді.

Әбдірахман НАЙЗАБЕКОВ, САРАПШЫ:

Бүгінгі кеңесте Қазақстанның қай бағыттарда ғылым даму керек, қандай жұмыстар істелу керек оларға көңіл бөлінді. Әсіресе мынау ғылыммен өндіріс арасындағы байланыс мықты болу керек. Өндіріспен егер жақсы ғылым жұмыс істейтін болса, біздің Қазақстан республикамыз дамыған елдердің қатарында болады.

Еламан АЙБУЛЬДИНОВ, САРАПШЫ:

Ел экономикасын дамытуда инновациялық идеяларға, инновациялық жобаларға көңіл бөлуіміз жайында айқындалды. Ғылым мен өндірісті ұштастыру мақсаты қойылды.

Мемлекет басшысы ғылымның жаңа үлгісі мемлекет пен бизнестің әріптестігіне негізделуге тиіс, бұл әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді деді. Сондай-ақ елімізде Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан сияқты ғұламалардың жолын қуатын ғалымдардың жаңа буыны шығатынына сенетінін айтты.