$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Атырауда жаңа туған нәрестені сатпақ болған перзентхана қызметкері 5 жылға сотталды

AstanaTV
20.09.2016ж. 20:00
3868
Атырауда жаңа туған нәрестені сатпақ болған перзентхана қызметкері 5 жылға сотталды

Атырауда жаңа туған нәрестені 5 мың АҚШ долларына сатпақ болған облыстық перзентхана қызметкері абақтыға қамалатын болды. Біреудің сәбиін саудалаған келіншекке қатысты облыстық кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты үкім шығарды. Сот отырысына қатысып қайтқан тілшіміз Базаргүл Нәдірқызының материалында толығырақ.

Базаргүл Нәдірқызы, тілші: 

Перзентхана қызметкеріне қатысты үш айға созылған сот отырыстарына БАҚ өкілдері қатыстырылмаған еді. Тек үкім кескен кезде ғана барлық ақпарат өкілдері шақырылған. Сот процестерінің бірі перзентхана ғимаратында болды. Бұл жас аналар мен ондағы қызметкерлерге сабақ болсын деген мақсатпен ұйымдастырылыпты. Айыпталушы жаңа туған шақалақты 5 мың АҚШ долларына бағалап, танысымен сөз байласқан. Облыстық перзентханада медициналық құжаттарды тіркеуші болып қызмет еткен келіншек енді жазасын абақтыда өтейтін болды.

Бағлан Ідірісов, Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

Айыпталушыға 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Сотталушының иелігіндегі заңсыз жолмен табылған мүлкі тәркіленсін. Жазасын жалпы тәртіптегі түзеу колониясында өткізу белгіленсін.

Сот залында оқылған деректерге сүйенсек, 41 жастағы айыпталушы балалы болуды армандап жүрген танысына сәби тауып беруге уәде беріпті. Әрине, тегін емес. Жарты ақшасын алдын ала алған. Жымысқы әрекетін іске асыру үшін 18 жастағы Өзбекстан азаматшасын баласынан бас тартуға көндіріпті. Осылайша уәделі ақшаның қалған бөлігін алып жатқан жерінде қолына кісен салынып, "кәмелетке толмағандарды саудалау" бабы бойынша тергеу жұмыстары басталған еді.

Қоңыр түсті. Ішінде тетрадь, міне.  Қайдан алдыңыз? Кімнен алдыңыз? - Банкіден.- Банкіден қашан снимать еттіңіз? - 34351 Вот совпадать етеді.

Базаргүл Нәдірқызы, тілші:

Сотталушы - Батыс Қазақстан облысының тумасы. Облыстық перзентханада соңғы бес жылдан бері жұмыс істеген. 5 мың доллар үшін 5 жылға сотталған бала сатушы сот отырысында өз кінәсін мойнына алған. Енді дүние-мүлкінен бөлек, заңсыз тапқан ақшасы да тәркіленеді.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ