Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

«Кедергісіз келешек» жобасы аясында еліміздің түкпір-түкпірінде мониторинг жүргізілуде

AstanaTV
13.04.2023ж. 20:00
842
«Кедергісіз келешек» жобасы аясында еліміздің түкпір-түкпірінде мониторинг жүргізілуде

«AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында еліміздің түкпір-түкпірінде мониторингтік шаралар жүріп жатыр. Мақсат – ерекше қажеттілігі бар жандардың өмір сапасын арттыру және оларға қолайлы орта қалыптастыру.

Комиссия мүшелері бақылау нысандарын тексеруді партияның «Жол картасы» аясында бой көтерген «City» емханасынан бастады. Орталықта мүгедектерге тиісті жағдай жасалған. Арнайы баспалдаққа шығуға арналған гидрокөтергіш -қызметкерлерге таптырмас жабдық. Тек «Ұлттық балаларды оңалту орталығы» алдына аялдама салу керек дейді мамандар. Себебі қазіргі аялдама мүмкіндігі шектеулі балалардың жүріп-тұруына ыңғайсыз дейді.

Бәзілхан ӘБДІҒАНИ, «КЕДЕРГІСІЗ КЕЛЕШЕК» ЖОБАСЫНЫҢ КУРАТОРЫ:

«Кедергісіз келешектің» бірден-бір мақсаты – біздің азаматтарымыз тең құқылы өмір сүру. Мүмкіндігі шектеулі деп оларды шетке қағуымызға мүлде болмайды, бүгінгі заманның талабы бойынша. Олардың ішінде ғылыммен айналысатын, біліммен айналысатын, өнермен мәдениетпен, тіпті қолөнер шеберлері осындай азаматтарымыз бар.

Таразда да «АМАНАТ» партиясы жанынан құрылған топ облыс орталығындағы бірнеше нысанды аралады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына мекемелердің қаншалықты сай екенін зерделеді. Қалалық сотқа, емханаға барды. Бірқатар кемшілікті анықтады. Партиялықтар жыл соңына дейін өңірдегі 259 әлеуметтік нысанда болады. Айта кетейік, аймақта 45 602 мүмкіндігі шектеулі жан бар.

Берік ТІЛЕУШОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ЖОФ САЯСИ ЖҰМЫС БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Алдағы уақытта бұл жұмыстар тоқтамайды. Зерделеу нәтижесі бойынша тиісті мекемелерге хаттамалық ұсыныстар беріледі. Ол ұсыныстарға біз міндетті түрде суреттерін, бейне дәлелдерін қоса береміз. Алдағы уақытта айыппұл салу мәселесін біз күн тәртібінен түсірмейміз.

Ал партияның Ақмола облыстық филиалының мониторинг тобы Көкшетау қаласындағы орта білім беретін мекемелерді аралап, нысандардың жай-күйін бақылады. Ғимараттар мен оған іргелес аумақтардың ерекше қажеттілігі бар адамдарға қаншалықты қолайлы екеніне мән берілді. Биыл облыста партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында 192 нысанды бейімдеу жоспарланып отыр. Оның 23-і облыс орталығында орналасқан.

М. Жолдыбалин