$494.87 €520.65 ₽4.91
×

«Паллада» қару-жарақ дүкенінің директоры 2,6 жылға сотталуы мүмкін

AstanaTV
22.09.2016ж. 20:00
3266
«Паллада» қару-жарақ дүкенінің директоры 2,6 жылға сотталуы мүмкін

Ақтөбеде лаңкестер шабуыл жасаған «Паллада» қару-жарақ дүкенінің директоры 2 жыл 6 айға сотталуы мүмкін. Прокурор айыпталушыға осындай жаза кесуді ұсынды. Тергеушілер анықтағандай, «Паллада» дүкеніндегі қару-жарақтар қауіпсіздік талаптарына сай сақталмаған. Яғни сөрелердегі қарулар ережеге сай байланбаған. Айыпталушының айтуынша, жөндеу жұмыстарынан соң бұрынғы мылтық бекіткіш жарамай қалған. Ал жаңасын орнатып үлгермесе керек. Сот отырысында жәбірленуші тараптың барлығы "дүкен басшысына тағар кінәміз жоқ" деді. Атыс кезінде жарақат алған күзет қызметкерінің шығындарын толықтай өтеп, қаржылай көмек көрсеткен.

Артем Горлаев, «Паллада» дүкенінің директоры:

Мен өз кінәмді мойындаймын. Дер кезінде темір арқандарды орнатпадым. Егер жарақат алып, жәбір көргендер дер кезінде маған хабарласқанда, қолымнан келген көмекті аямас едім. Бұл уақыт аралығында тексерулер болып, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен прокуратураның тергеуінде жүргендіктен, жәбірленушілермен кездесуге уақытым болмады. Соттан түрмеге қамамауды өтінемін.

Айыпталушыға қатысты сот үкімі ертең оқылуы мүмкін. Естеріңізге сала кетсек, маусымның 5-і күні лаңкестер қару-жарақ дүкені мен әскери бөлімге шабуыл жасаған болатын. 3 сарбаз бен 5 бейбіт тұрғын қаза тапты. Қазіргі таңда қылмыскерлерге қатысты тергеу ісі аяқталып, жақын уақытта сотқа жолдануы тиіс.