$511.22 €540.05 ₽4.73
×

Астанада қандай проблемалар шешілмей жатыр?

19.04.2023ж. 20:00
1608
Астанада қандай проблемалар шешілмей жатыр?

Астана LRT құрылысы 2 жылдан кейін толығымен аяқталады. Жобаға 52 миллиард қаржы қарастырылған. Сондай-ақ, бас қаладағы апатты жағдайда тұрған 206 үйдің тұрғындары жаңа баспанаға көшеді. Кеңейтілген отырыста бұл туралы да айтылды.

Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

2012 жылы басталған ЛРТ құрылысы 2020 сыншы жылы аяқталып, қолданысқа берілуі тиіс еді. Алайда жүрісі жеңіл деген бұл жобаның жолы ауыр болып шықты. 10 жылдан асты жетім қыздың күйін кешіп тұр. Қала көркін бұзып, әр жерден шоқы тастай шоқшиып тұрған бағандарды қала билігі биыл қолға алуды жоспарлапты. Ұзындығы 22 жарым шақырым. Құрылыс жоспары бойынша 18 аялдама бекеті болады. 8- аялдама алғашқы кезеңде қолданысқа берілмек.

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

ЛРТ бірінші іске қосу кешені бойынша құрылыс жұмыстары жанданды, жобаны екі жыл ішінде аяқтауды жоспарлап отырмыз. Биыл ұзындығы 50 шақырым болатын 72 көшеде құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргізіп, Тәуелсіздік көпірінің құрылысын аяқтаймыз.

Қаланың сынын тек ЛРТ емес, ескі үйлер де бұзып тұр. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы сын көтермейді. Осыдан 3 жыл бұрын тәжірибеге енгізілген мүлік иелерінің бірлестігінің жұмысы әлі жүйесіз.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз осы Мүлік иелері бірлестігі реформасында қатты қателікке ұрынған сияқтымыз. Халыққа сапалы және ашық қызмет көрсетілмей жатыр. Сонымен бірге бұл реформа жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінде бірінші орында тұру керек еді. Сондықтан бұл тапсырманы назарсыз қалдыруға болмайды. Қазір Үкімет әкімдермен бірге осы жағдайдан шығу жолын табуы тиіс. Жалпы, теңгерімді инфрақұрылымдық саясат қажет.

Астанадағы тағы бір мәселе - мектеп тапшылығы. 26 мың оқушыға орын жоқ. Биыл бірінші сыныпқа баруы тиіс балалардың көбі тұрғылықты мекен-жайы бойынша мектепке ілінбей қалды. Ал әкімдік ақпаратынша, алдағы 2 жылда 40 мектеп салынады. Демография мен көші-қонды ескерсек, бұл мәселені түбегейлі шешпейтін сияқты.

БЛИЦ:

- Бірінші сыныптың баласын апарып, алып келу үшін ата-анасы бос болу керек. Мысалы бір үйде 2 бала, біреуі балабақшаға, біреуі мектепке ол екеуі екі бағытқа барады, оған екі адам керек болады.

- Тұрғын үй салсаң, міндетті түрде мектеп немесе балабақша територияда салыну керек деп ойлаймын.

- Әкімшілік міндет қою керек қасында тұрғын үйдің мектеп те болды, балабақша да болды. Сол кезде балаларға да, ата-анаға да әлде-қайда оңай болушы еді.

Елорда аумағының ұлғаюына байланысты мұнан өзге де мәселелер туындауда. Мегаполисте су да тапшы. Жағдай осылай жалғаса берсе, 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруіміз мүмкін,-деді Президент бүгінгі кеңесте. Мамандар да дабыл қағуда.

Лаура МӘЛІКОВА, ТӘЖІРИБЕШІЛ ЭКОЛОГТАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:

Былтырғы жылы біз мына Есілдің түбін көрдік қой. Түбінің қай жерде екенін. Судың соншалықты тарылып қалғаны. Яғни бұл жерде қалада қолданатын судың мөлшерін барынша азайту бойынша, суды үнемді пайдалану бойынша іс-әрекеттер қабылдау керек. Бұл жерде халықты суды аз қолданайық деген ұрандармен өзгеріске қол жеткізу қиын. Тариф мәселесін қайта қарастыру, судың да сұрауы бар екенін мына адамның қалтасы арқылы түсіндіруді қолға алу керек.

Қалаға қосымша 105 мың текше метр су жеткізу үшін үшінші сорғы-сүзгі стансасы салынып жатыр. Шілде айында құрылысы аяқталады. Сондай-ақ биыл елорданы дамытудың 2035 жылға дейінгі бас жоспары қабылданады деді Астана әкімі. Тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасалып, шаһардағы барлық проблемалы үлестік құрылыс пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, апатты жағдайда тұрған 206 үйдің тұрғындары жаңа үйге көшірілмек.