Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Жасөспірім қыздардың 25% жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған

20.04.2023ж. 20:00
1565
Жасөспірім қыздардың 25% жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған

Жасөспірім қыздардың 25 проценті жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жасаған жаға ұстатарлық статистика. Ол ол ма, елімізде соңғы 5 жылда 33 мыңнан астам жеткіншек бала көтерген. Оның 10 мыңы түсік тастапты.

Ерте жүктілік, жасанды түсік! Құлаққа түрпідей тиетін бұл сөздерге қазір мән бермейтін де болдық. Өйткені, қоғамда зорлық-зомбылықтың құрбаны болып,ойын қуар шағында бала бағып отырған жеткіншек көп. Осындай мәсені алдын алу үшін белсенділер ерте жүктілік туралы деректі фильм түсірді. Жоба авторлары қоғамда жыныстық сауаттың жоқтығы мәселені туындатып отырған басты фактор – дейді.

Шырақ БАЙНАЗАР, ФИЛЬМ РЕДАКТОРЫ:

Жас қыздардың босану статистикасы Еуропамен салыстырғанда алты-жеті есе жоғары. Және де біз білеміз, көбіне салдарымен ғана күресеміз. Ал, себебі не дегенді зерттегім келді де, осы фильм аясында салдарын көрсету арқылы себебін түсіндіруге тырыстым.

Қазақстандағы әрбір алтыншы жүктілік абортпен аяқталады. Оның дені 18 жасқа толмаған қыздар арасында тіркелген. Жасөспірімдердің жүктілігін зерттеумен айналысатын ғалымдар от басқан арулардың басым көпшілігі жақындарынан қолдау таппай, жалғыз қалады - дейді.

Сайра РАХЫМБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қыздарды емес, ер балаларды да жауапқа тарту керек қой.Бұған кінәлі жалғыз қыз емес. Ата-аналарға да қиын мұндай жағдай болғаны, расында да.

Жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік бойынша Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облысы алда тұр. Онан кейін -Атырау мен Алматы қаласы.