$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Павлодарда апатты үйдің төбесі опырылды

20.04.2023ж. 20:00
1661
Павлодарда апатты үйдің төбесі опырылды

Павлодарда апатты үйдің төбесі опырылды. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Пәтерде адам болмаған. Ал өзге тұрғындар жандарын шүберекке түйіп отырғандарын айтады. Себебі, салынғанына 70 жылдан асқан барак үйлердің әбден тозығы жеткен. Апатты деп танылса да, әкімдік еш шара қолданбады – дейді.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Мына пәтердің төбесі опырылып, ортасына түскен. Содан кейін үй иесі басқа пәтерге көшіп кетіпті. Қазір ешкім тұрмайды. Бос қалған.

Ал Айнаш Арқаева төбесі құлаған пәтердің астындағы үйде тұрған. Қауіпті болғаннан соң, басқа үйге көшіпті.

Айнаш АРҚАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Осы авариный болғаннан кейін көшірді акимат бізді временный жилье деп. Онысын бір жыл емес, жарты жылдай төледі. Сосын өз қалтамыздан төлеп жатырмыз 100 мыңдап. Енді әрі қарай төлейтін хәліміз жоқ. Ақшаға қысылып, енді осы үйге қайта көшіп келейін деп жатырмыз. Қайда барам басқа баратын жер жоқ.

Бұл ағаш үйлер өткен ғасырдың 50 жылдары бой көтерген. Басында зауыт қызметкерлеріне уақытша тұру үшін салынған баспаналар кейін тұрғылықты мекенге айналыпты.

Ботагөз ШӘКЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Жылда келесі жылы, келесі жылы бітпейтін уәде. Енді келіп 5 жылсыз сіздердің үйлеріңіз бұзылмайды дейді. Біздің үйлер қашанға дейін шыдай береді уже.

Шайза НҰҒМАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Түнде жатқанда қорқамыз. Балалар үйіндінің астында қала ма деп. Қорқынышпен өмір сүріп жатырмыз.

Күні кеше Президент апатты үйлер мен нысандарға қатысты сын айтты. Бұл - еліміздің имиджі мен беделін түсіреді деді.

Мақсат ТОЛЫҚБАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Апатты үйлер барлық өңірде бар. Соны жаңарту, басқа баспанадан орын беру, қайтадан жөндеуге келетіні бар, келмейтіні бар. 50-60 жылдан бері тұрған үйлер бар. Сондықтан оларды жаңартуға облыс әкімдерінің алдына міндеттер қоямыз біз партияның атынан. Фракцияда алдағы уақытта осыған байланысты тыңдау өтеді.

Ал аталған мәселеге әкімдіктің жауабы мынадай.

Павлодар қаласы әкімінің баспасөз қызметі:

Павлодар қаласының әкімдігі 20 ескі үйді бұзу туралы шешім шығарды. Соған сәйкес апатты үйлердің орнына 9 және 10 қабатты тұрғын үйлер салынады. Үйлерді бұзу жұмысымен жеке құрылыс компаниясы айналысады. Олар бізбен бірге жұмыс істеу үшін келісім шартқа отырған. Бүгінгі күні құрылыс компаниясы Генерал Дүйсенов көшесі 304, 306 үйлерді бұзу жұмыстарын жүргізді. Олардың ақпараты бойынша Генерал Дүйсенов көшесі 383 үйді биылғы жылдың 4-тоқсанында бұзуды жоспарлап отыр. Құрылыс жұмыстары кезінде ескі үй тұрғындарының пәтер жалдау шығынын құрылыс компаниясы өтейтін болады.

Облыс орталығында апатты деп танылған 40-тан астам үй бар. Не жылу, не су, не кәрізі құбыры жоқ. Қыста от жағып, суды даладан тасиды. 400-ден астам адам осындай жағдайда өмір сүріп жатыр.