Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дабыл қағуда: Тырысқақ таралуынан қандай қауіп бар

AstanaTV
21.04.2023ж. 10:35
1056
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дабыл қағуда: Тырысқақ таралуынан қандай қауіп бар

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) дерегінше, әлемнің 43 еліндегі 1 млрд-тан астам адам тырысқақ инфекциясын жұқтыру қаупінің алдында тұр.

Індет 2021 жылы тез тарала бастады. Ал былтыр желтоқсанда жағдай тіпті күрделене түсті. Мамандар бұл дерттен болатын өлім-жітімнің саны көбеюі мүмкін екенін мәлімдеп жатыр. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі тырысқақ қаншалықты қауіпті және бүгінде қандай елдерде жағдай күрделі екенін анықтап көрді.

Тырысқақ індеті өршіген елдердегі ахуал

Қазіргі уақытта Африка, Азия және Кариб теңізінің 24 елінде індеттің өршігені мәлім болды. Сонымен қоса, Африканың тағы 4 елінде - Танзания, Оңтүстік Африка, Зимбабве және Замбияда биыл ақпаннан бастап тырысқақтың жиі тіркеліп жатқаны белгілі.


20 наурыздағы мәліметке сай, Африка құрлығының оңтүстігіндегі Малави мемлекетінде инфекция жұқтырғандар мен өлім-жітімнің ең жоғары көрсеткіштерінің бірі тіркелді. Атап айтқанда, індетпен ауырып жатқан 54,8 мың адамның 1 684-і көз жұмды.

Сарапшылар тырысқақ ауруынан өлімнің көбейгеніне алаңдаулы. Өйткені, өткен жылдармен салыстырғанда азаматтардың осы індеттен қайтыс болу фактілері жиілеген. Мәселен, 2021 жылы бүкіл әлем бойынша тіркелген тырысқақтан өлімнің орташа деңгейі 1,9% болды. Бұл эпидемиологиялық ахуал үшін қолайлы саналатын межеден (қолайлы эпидемиологиялық ахуал - 1%) асып түседі. Соңғы он жылда мұндай күрт өсім тіркелмеген еді.

Тырысқақ дегеніміз не?

Тырысқақ – антропонозды жіті ішек инфекциясы. Оның қоздырғышы тырысқақ вибрионы деп аталатын «Vibrio cholerae» бактериясы. Ол лас тағамды немесе суды тұтынған кезде пайда болады. Вибрионның инкубациялық мерзімі қысқа - 12 сағаттан 5 күнге дейін.

ХІХ ғасырда тырысқақ Үндістандағы Ганг өзенінің алғашқы резервуарынан басталып, бүкіл әлемге таралды. Одан бері барлық құрлықтағы миллиондаған адамның өмірін қиған 6 пандемия болды.

Қазіргі, жетінші пандемия 1961 жылы Оңтүстік Азияда басталып, 1971 жылы Африкаға, ал 1991 жылы Америкаға дейін таралды. Бүгінде тырысқақ көп мемлекттерде эндемиялық ауру саналады.

Алайда, пандемия 2021 жылы қайта өршіп, бұрын осы індет таралған Сирия мен Ливан сияқты мемлекеттерде жайылды. Мұнда тырысқақтан көп адам қайтыс болды.

Инфекцияның белгілері – дене температурасының 34-35 градусқа дейін төмендеуі немесе қатты көтерілуі, қалтырау, құсу, диарея, организмнің тез құрғауы. Егер ауру уақтылы анықталса, онда ол тез емделеді. Ал, бірнеше сағат уақыт өткізіп алған жағдайда, оның салдары өлімге әкеп соғуы мүмкін.

Суды қайнататын болса немесе 30 минут +56 градус температурада тұрған инфекцияны қоздырғыш «Vibrio cholerae» өледі. Дегенмен тырысқақ вибрионы төмен температураға төзімді келеді.

1 млрд-тан астам адам тырысқақ жұқтыру қаупінің алдында тұр

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тырысқақтың әлемде одан әрі таралу қаупі өте жоғары деп санайды. Ұйымдар 43 елдегі 1 миллиардтан астам адамның тырысқақ жұқтыруы ықтимал екенін ескертіп жатыр.

Сонымен қатар, былтыр желтоқсанда ДДСҰ тырысқаққа қарсы вакцина тапшылығы жөнінде мәлімдеме жасады. Бүгінде әлем елдерінде екпе қоры өте аз.

ДДСҰ-ның Тырысқақ және эпидемиялық диарея аурулары тобының жетекшісі Филипп Барбозаның айтуынша, індеттің өсу үрдісі жалғасуда. Ол кедейлік, қақтығыстар мен табиғи апаттардан зардап шеккендердің көбеюіне байланысты өршіп барады.