$484.19 €524.28 ₽5.03
×

«Нұр Отан» азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күнін өткізді

AstanaTV
23.09.2016ж. 20:00
2037
«Нұр Отан» азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күнін өткізді

"Әділет органдары кеңес береді" республикалық акциясы аясында азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні өткізілді. Іс-шара "Нұр Отан" партиясы Астана қалалық филиалында ұйымдастырылған. Түрлі мәселемен келген елорда тұрғындарын бірнеше департамент пен басқарма өкілдері қабылдады. Адамдарды әсіресе сот шешімдерінің орындалмауы, баспананы тіркеу мен мүлікті жария ету сұрақтары толғандырады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, келушілердің 70% мәселесі тап осы жерде шешімін тапты. Әділет іздегендердің бірі - Нағима Әлменова - бірнеше жылдан бері баласына алимент өндіре алмай жүр. Ақыры шарасыздықтан "Нұр Отанға"  шағым айта келді.

Нағима Әлменова:

Екі сот орындаушы алмасты, анау анаған сілтейді, мынау мынаған сілтейді, әбден шаршатты.

Зура Жақиянова Астана, қалалық әділет департаментінің бас маманы:

17 адам жазылған, соның 5-6 алимент жайы, сот орындаушыларға жұмыс болады, біз енді бұл қабылдаумен шектеліп қалмаймыз, азаматтарды департаментке шақырып, әр бөлімнің мамандары олардың мәселесімен айналысады, жұмыстар ары қарай жалғасады.

Мұндай шара соңғы 5 жыл көлемінде тұрақты өткізіліп келеді. Осы уақыт аралығында 5 мыңнан аса адам құқықтық кеңес алған. "Нұр Отан" партиясы Астана қалалық филиалы төрағасы орынбасарының айтуынша, сот шешімдерінің орындалмау мәселесі бойынша азаматтарды қабылдау апта сайын өткізіліп тұрады. Ал айына бір рет әділет департаменті басшылығы азаматтарға кеңес беріп отырады.

Владислав Сергеев, «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары:

Қабылдаудың бірыңғай күні биыл 4-ші рет өтіп отыр. Мыңға тарта тұрғын келіп тиісті құқықтық көмек алды. Астана тұрғындарын ең алдымен баспана, балабақша жайы толғандырады. Бір қуанарлығы, әлеуметтік қиындықтарын айта келгендер қатары уақыт санап кеміп келеді, яғни олардың мәселесі оң шешімін тауып жатыр деген сөз.