Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Еңбек күні қарсаңында ұйымдастырылған байқау жеңімпаздары анықталды

AstanaTV
23.09.2016ж. 20:00
3330
Еңбек күні қарсаңында ұйымдастырылған байқау жеңімпаздары анықталды

Еңбек адамы - мемлекет тірегі. Сондықтан олардың өлшеусіз еңбегі ешқашан назардан тыс қалмақ емес. Қыркүйектің соңғы жексенбісі, яғни «Еңбек күні» қарсаңында ерен еңбегімен елге сүбелі үлес қосқандар марапатталды. Қазылар үшін үш номинация бойынша жеңімпаздарды анықтау оңайға түспеген. Елорданың үздік мамандары қайсы? Әріптесім Дәуренбек Бағдәулет олармен жеке-жеке жүздесіп келді.

Байқаңдар, мынаның ішіндегі токты абайлаңдар, алдымен тексеріп алыңдар. Қазір тексер, жоқ па екен ток?

«Астанаэнергосервис» АҚ қызметкері Қайрат Бекмағамбетовтың әр күні осылай деуге болады. Ерте ме, кеш пе, күн, түн демей, авариялық жағдайда ток тұйықталуын тауып, қайта қосу тікелей Қайрат бастаған бригаданың мойнында. Мыңдаған жоғарғы кернеуде жұмыс істеу - жаныңды шүберекке түйіп қоюмен бірдей, - дейді мұндағылар. Сондықтан бұл жұмыс аса сақтықты қажет етеді. 30 жыл осы саланың жілігін шағып, майын ішкен Қайрат Кеңеңсұлы - жаңадан келген талай жастарға токты танып білудің қыр-сырын үйреткен білікті маман.

Қайрат Бекмағанбетов, «Үздік тәлімгер» номинациясының жеңімпазы:

Жастарды үйретіп отырамыз, біздің қызметте 58 жігіт бар, солардың жартысы қолымнан өтті. Қызметті бізде күндіз түні жасайды, ешқайда қарамай, демалыссыз. Қалада жарық болып, кісілер жарықта отырса, осы біздің міндет.

Білікті маманның еңбегі еленіп бүгін «Еңбек адамы - мемлекет тірегі» байқауында Қайрат Бекмағамбетов «Үздік тәлімгер» номинациясына лайық деп танылды.

Ал "Үздік еңбек әулеті" атауын Буяковтар әулеті қанжығалады. Олар түгел отбасымен "Астана су арнасында" қызмет етіп келе жатқан көрінеді. Жалпы еңбек өтілімі 81 жылды құрап отыр.
 
Наталья Буякова, "Еңбек әулеті" номинациясының жеңімпазы:

Жұмысымыз ұнайды, мен алғаш келгенде, 29 жаста болғам, әлі істеп келе жатырмын. Менен кейін жолдасым келді осы салаға, артынша балаларымыз да осында келді. Қызметіміз де, әріптестеріміз де өзімізге ұнайды. Еңбек ету керек, біз - еңбек әулетіміз.

Мұнан өзге жастар арасында "Өндіріс шебері" номинациясы болды, оны "Тұлпар Тальго" ЖШС шебері Қуаныш Мұқышев еншілеген. Астана қаласының жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғаныс басқармасының басшысы Ермек Оспанов: "Осындай іс шаралар арқылы біз бүгінде қай мамандық сұранысқа ие екенін, жұмыс берушілердің бүгінгі хәл-ахуалын біліп отырамыз",- дейді.

Ермек Оспанов, Астана қаласының жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғаныс басқармасының басшысы:

Жеңімпаздарды анықтау өте қызықты өтті. Әр компания өз қызметкері жеңіске жеткенін қалаған. Төрешілер үшін таңдау жасау оңай болған жоқ. Біз тіпті осы арқылы жұмыс берушілердің деңгейін анықтадық.

Жалпы бұл шараның басты мақсаты - кез-келген кәсіптің нәсібі болатынын дәлелдеу болған. Қалалық әкімдік келер жылы осы іс шараны мұнан да ауқымды етіп өткіземіз деп отыр.  
 
Д. БАҚДАУЛЕТ