Алматы облысының тұрғындары ұялы байланысқа жарымай отыр. Шалғайдағы ауылдар былай тұрсын, мегаполистің іргесіндегі Елтай ауылдық округінің халқы байланыс іздеп тау-тасты жағалайды. Мұғалімдер мен оқушылар сабаққа дайындала алмайды, ал онлайн жұмыс дегенді мүлдем ойламай-ақ қоюға болады. Ол ол ма, тіпті, ауырсаң, жедел жәрдем шақыруға мүмкіндік жоқ. Тұрғындардың жанайқайын аймақтағы тілшіміз жеткізеді.
Ұялы байланыс пен интернеттің жоқтығы Елтай ауылдық округі тұрғындарының «бас ауруына» айналған. Бибігүл Оспанова – қазақ тілі пәнінің мұғалімі. Ол елдімекенде мектеп болмаған соң, көрші Қаратөбеге қатынап жұмыс істейді. Алайда үйде алдын-ала сабаққа дайындалу мүмкін емес дейді.
Бибігүл ОСПАНОВА, ЕЛТАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Сабаққа дайындалу барысында міндетті түрде Интернет желісін пайдалануымыз керек қой. Қосымша материалдар керек бізге. «Күнделік.кз»-тің өзін әзер толтырамыз. Кейде сол күні қоя алмай да қаламыз бағамызды. Өйткені Интернет желісі айналып тұрады, уақытты алып тұрады. Таңғы 4-5 терде кішкене ұстайды. Сол уақыттарда қойып үлгереміз әйтеуір. Бірақ өте нашар.
Округте 18 мыңға жуық тұрғын бар. Олар бұл мәселені айтып, әкімдіктің табалдырығын тоздырған. Бірақ шешілер емес.
Талғат ТОЙБАЗАРҰЛЫ, ҚАРАТӨБЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бізде байланыс вообще жоқ. Жедел жәрдем шақыра алмаймыз, өрт болса, өрт сөндіру қызметкерлерін шақыра алмаймыз. Телефонмен қазір қатынасайық десек, біресе естіледі, біресе естілмейді. Бақшаның ішінде жүгіріп жүреміз, қай жерден ұстайды, сол жерден сөйлесеміз.
Нұрия ОСПАНОВА, ҚАРАТӨБЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Әр үйде 5 телефоннан бар. Мен айына 4 мың құямын. Бірақ интернеттің мен қызығын көріп жатқан жоқпын.
Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:
Ауыл тұрғындары ұялы байланыс мұнарасын қоюға арнайы жер учаскісін бөліп берген. Тіпті өз қаражаттарына мұнараны да сатып алған. Бірақ оны орнатып, антеннаны іске қосуға ұялы байланыс операторлары да, жергілікті әкімдік те құлықсыз.
Азамат ӘБІШЕВ, ЕЛТАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Қазіргі таңда мен мачтаны, полностью антеннаны алып қойдым. 1 млн 800 мыңға алғам.Только оған оборудование керек. Керек болса, монтажын да жүргізіп береміз, полностью орналастырып, просто операторлар келіп, сол вопросты шешіп берсе. Әкімдіке айттық бірнеше рет, шағымдандық, жаздық, түсіндірдік, айттық. Бірақ әлі ответ жоқ.
Ал Елтай ауылдық округі әкімінің орынбасары халықтың қымбат құрал-жабдықтарды сатып алып, өз бетінше амалдап жатқанынан бейхабар болып шықты. Сөзінше, байланыс операторларына хат жолдаған. Бірақ «қаражат жоқ» деген қысқа ғана жауап алатын көрінеді.
Біржан БЕЛҒОЖАЕВ, ЕЛТАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Шағымданып жатырмыз. Енді оларға қазір көрсетіп таныстырамыз осы жермен. Осы кісіде антеннасы бар екенін. Жерін берем деп тұр. Осы жерде қарастыруын сұраймыз деп арызданамыз.
Үміті үзілейін деген ауыл тұрғындары ұялы байланыс операторларын да жағалаған. Талай арыз бен шағым, өтініш те жазған. Бірақ бума-бума қағаздан қайыр болмай тұр.