$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Тұрғын үй кезегіне тұрғандар саны 2,5 есе өсті

AstanaTV
27.09.2016ж. 20:00
3147
Тұрғын үй кезегіне тұрғандар саны 2,5 есе өсті

Соңғы 3 жылда баспана кезегіне тұрғандар саны 2,5 есеге өскен. Баспанаға сұраныстың артуы неде? Бұл сұрақты Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Ұлттық экономика министріне қойды. Қуандық Бишімбаев әлеуметтік үйлерге тізімге алу механизмі қайта қаралатынын айтты. Яғни шынымен де мұқтаж жандар тұрғызылады тізімге. Сонымен қатар министр Үкімет отырысында үйлі болудың "Нұрлы жер" жаңа бағдарламасымен таныстырды. Қай санаттағы азаматтар баспанадан үмітті бола алады? Айгүл Әдепбай Үкімет отырысын тыңдап қайтты.

Тұрғын үй құрылысының барлық мәселелерін су жаңа «Нұрлы жер» бағдарламасы шешіп тастамақ. Үкімет отырысынан соң өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев осылай деп, бағдарлама қарашаға дейін дайын болатынын айтты. Ол тұрғын үй кезегінде тұрған 1 млннан астам азаматтың баспана мәселесін реттеуге бағытталады.

Қуандық Бишімбаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Ипотекалық несиелерге жеңілдіктер беру. Субсидияландыру. Ол азаматтарға ипотека алуға қол жеткізеді. Жеке үйлерді салу, сол үшін инфрақұрылымды салу жергілікті аймақтарда. Ол үшін республикалық бюджеттен қанша ақша жергілікті бюджеттерге аударылады дегенді біз санаудамыз.

«Нұрлы жер» бағдарламасының негізгі міндеттері төмендегідей. Ипотекалық қарыздарды көптеп беру үшін Үкімет екінші деңгейлік банктердің пайыздық мөлшерлерін субсидиялайды. Екіншіден, тұрғын үй салу үшін құрылыс компанияларына қолжетімді қарыздар береді. Үшінші міндеті, Тұрғын үй жинақ банкінің салымшылары үшін жаңғыртпалы қағидат бойынша кредиттік тұрғын үй салынады. Сонымен қатар аз қамтылған топтар үшін жалға берілетін үйлердің өңірлік қоры құрылады. Төртіншіден, Үкімет жер беріп, инженерлік желілерді тартып, жеке тұрғын үй жүйесін дамытады.

Алайда инженерлік инфрақұрылымға жұмсалған қаржыны тұрғындар мемлекетке қайтарып беруге міндеттеледі. Қазір ақшаны қайтарудың қолжетімді амалдары қаралып жатыр. Яғни Үкімет тұрғын үй барысын тікелей қаржыландыруды шектеп, ипотекалық несилеу мен құрылыс компанияларын ынталандырмақ. Дегенмен Премьер-министрдің тұрғын үй кезегіне тіркелгендер санының өсіп жатқанына көңілі толмады.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Статистиканы қарасақ, соңғы 3 жылда кезекке тұрғандар саны артқан. 2013 жылдан бері 2,5 есе өскен. Инвентаризация жүріп жатыр ма, әлде бәрін жаппай тіркеп жатырмыз ба?

Тұрғын үй кезегінде тұрған халық саны артқанмен, мемлекеттің азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету саясаты оң нәтиже беріп отырғанын айтты Қуандық Бишімбаев. 25 жылда 113 млн шаршы метрден астам үй салынған. 1 млннан астам отбасы қоныс тойын тойлапты. Биыл 830 млрд теңгеге 9 млн шаршы метр баспана беру жоспарланған. Ал Үкімет басшысы тұрғын үй құрылысына отандық материалдарды көптеп тартуды тапсырды.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Бүгінде біз отандық құрылыс материалдарының 58 пайызын қолданып отырмыз. Егер 80 пайызға жеткізсек, құрылыс материалдарын шығаратын компанияларға салмақты қолдау болады.

Тұрғын үйлер салынып жатқан аудандарда инженерлік коммуникация инфрақұрылымын жүргізуді әкімдіктер созбаққа салып жатқанға ұқсайды. Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Астанада қаражат дұрыс игерілмеген.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Жаңа жылдан бастап Үкімет тұрғын үй мәселесін жаңа «Нұрлы жер» бағдарлдамасымен реттеуге тырысады. Ұлттық экономика министрінің пәрмені қатты. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай барлық тұрғындарға пәтер кілттерін табыстау керекпіз деді. Премьер-министр де барлық әлеуметтік нысандардың құрылсын 25 жылдық мерейтойға орай шешуді тапсырды.

Айгүл ӘДЕПБАЙ