$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Алматыда 3 азаматқа өрт қауіпсіздігін сақтамағаны үшін 345 мың теңге айыппұл салынды

02.05.2023ж. 20:00
912
Алматыда 3 азаматқа өрт қауіпсіздігін сақтамағаны үшін 345 мың теңге айыппұл салынды

Күн жылыған соң отбасымен табиғат аясына шығып, демалғанды кім ұнатпасын? Алайда, таза ауада кәуап жеймін деп ірі көлемде айыппұл арқалауыңыз әбден мүмкін. Жыл басынан бері ерекше қорғалатын табиғи аймақта өрт қауіпсіздігін сақтамағаны үшін 3 азаматқа 345.000 теңгеден айыппұл салынды. Алматының мемлекеттік орман қоры аумағында өрт қауіпті кезеңі жарияланған. Төтеншеліктер демалушылармен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, арнайы рейд жүргізуде.

20 мың гектар аумақты алып жатқан Іле-Алатау ұлттық паркі - демалушылардың сүйікті орны. Бірақ көпшілік өрт қауіпсіздігін сақтау ережелерін сақтай бермейді. Табиғат-анаға салғырт қарайтындар бар.

Ернар ӘДІЛХАН, ҮЛКЕН АЛМАТЫ ОРМАНШЫЛЫҒЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ АҒА ОРМАНШЫ КӨМЕКШІСІ:

Туристердің көбісі шыршаның түбіне барып от жағады. Жаңбыр жауған кезде шыршаның асты құрғақ болған кезде сол құрғақтың астына барып от жағады да, 1 метрден аса торб жиналады. Олар бетін өшіріп кеткенде, асты өшпей қалады да, содан кейін жер асты өрті пайда болады.

Рейд барысында рұқсат етілмеген жерде от жағып, кәуап пісірген бірнеше демалушыға хаттама толтырылды. Дені мұндай қадамға білместіктен барғанын және демалыс орнында тиісті ескерту қағаздары жоғын алға тартты.

Жеңіс МЕТЕРОВ, ДЕМАЛУШЫ:

Ескерту жазылмаған. Білместіктен болды. Келіп түсіндіріп айтты, ескертті, бәрін өшірттік. Мангал асты жерге тимейтін болып тұрса, от жағуға болады дейді.

Ернар ӘДІЛХАН, ҮЛКЕН АЛМАТЫ ОРМАНШЫЛЫҒЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ АҒА ОРМАНШЫ КӨМЕКШІСІ:

Бүкіл территориямызда бізде билбордтар ілініп тұр. Көп адамдар, осы туристтар келген кезде мән бермей өтіп кетеді. Бізде мүмкіншілік жоқ каждый беседканың жанына ілуге. Оны қойсақ та, кейбір туристер оны сындырып тастайды не вандализм жасайды.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Таулы аймақтарда от жағу үшін арнайы бекітілген жерлер бар. Мәселен, мынадай бетон төсеменің үстінде от жағуға рұқсат. Тек демалып болған соң, артынан жинап, отты өшіріп кетсе болғаны.

Іле-Алатау ұлттық паркінде ыстық тамақ пісіру үшін арнайы жабдықталған 14 орын бар. Мамандар рұқсат етілмеген жерлерде от жағуға қатаң тыйым салады.

Еркебұлан ҚАСЕНОВ, БОСТАНДЫҚ АУДАНЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

Шамамен 50-ден астам бетондалған жерлер бар. Сондай жерлерге бармай, ашық жерлерде орманның, ағаштың ішінде жағып отыратын кездерден өрт шығады. Былтыр 2022 жылы 122 адамға хаттама толтырылып, айыппұл салынды.

Ерекше қорғалатын табиғи аймақтардың арнайы белгіленбеген жерлерінде өрт тұтандырғаны үшін 345.000 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған. Демалушылар тәртіп бұзушылықтың сипаты мен келтірілген залалға байланысты қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы мүмкін.