$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Құрманғазы ауданының шаруалары шу көтерді

AstanaTV
04.05.2023ж. 11:33
1096
Құрманғазы ауданының шаруалары шу көтерді

Құрманғазы ауданына қарасты Бөкейхан ауылдық округінің шаруа қожалық иелері Аршын, Байқара арналарында жүргізіліп жатқан түп тереңдету жұмыстарына қарсы, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шаруа қожалық иелері наразылықтарын әлеуметтік желілер арқылы білдірді.

"Уақытша салынған бөгеттерді алып тастауды талап етеміз. Түп тереңдету жұмыстары салдарынан канал бойындағы терек түптері жұлынып, жайылымдық жерлер бүлініп жатыр" дейді шаруалар.

Осыған байланысты, Құрманғазы аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысы Асқар Мұфтах, мердігер мекеме "Павлодар өзен порты" акционерлік қоғамының аудандағы өкілі, учаске басшысы Бауыржан Нұрғалиев шаруалармен кездесті.

Белгілі болғанындай, қазіргі кезде Қиғаш өзенінің су көлемін ұлғайту және гидрологиялық режимін жақсарту мақсатында Бөкейхан ауылындағы Байқара каналын түп тереңдету жұмыстары жүріп жатыр. Учаске басшысы Бауыржан Нұрғалиев канал бойына салынған бөгеттер алынып тасталатынын айтты. Сонымен қатар, ол жоба бойынша арналар тереңдетілген кезде кездескен кедергілер жойылуы керектігін, атап айтқанда, өзен астындағы тамырсыз терек түптері қазылып алынып, шығарылатынын айтты.

Құрманғазы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы Асқар Мұфтах жергілікті шаруалардың көтерген мәселелері қараусыз қалмайтынын айтты.

"Тереңдету жұмыстары толық аяқталған соң, рекультивациялық жұмыстар, яғни, шыққан топырақтар жазылып, жайылымдық жерлерге зияны тимеуіне аса назар аудару керек" деді Асқар Мұфтах.