$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қызылордалық дихандар биыл да күріштен рекордтық өнім жинауға бел буды

AstanaTV
28.09.2016ж. 20:00
5714
Қызылордалық дихандар биыл да күріштен рекордтық өнім жинауға бел буды

Қызылорда облысының диқандары күріштен рекордтық өнім жинамақ. Ол шамамен 425 мың тоннадан асуы керек. Қазір аймақта егін ору науқаны қызған. Шаруалар күздің алғашқы жаңбырына дейін жинап алуға тырысып жатыр. Биыл ақ алтынды 555 шаруашылық егіпті. Солардың қатарындағы ең жасы «Ақжарма и К» шаруашылығы. Соған қарамастан, өз диқандарының жағдайын жасап қана қоймай, ауылды көркейтіп, ағайындарды қолдау мәселесін жолға қойған. Әріптесім Шарипа Сақтапова күзгі дала жұмыстарын бақылап қайтты.

Күзде жинаған өнім - бір жылдық азық. Ақжармалықтар таң атқаннан күн батқанша алқап басында. Шаруашылық басшысы Қайрат Нұрсейітов үш жыл бұрын өз алдына шаруашылық құрғанын айтады. Бүгінде мың гектар жерге күріш еккен. Гектарынан 67 центнерге дейін өнім аламын дейді. Күрішті егіп, өндіріп, таза күйінде нарыққа ұсынып келеді. Барлық жұмыс делдалсыз атқарылады. Тұтынушылар өздері келіп, күріштің келісін 180 теңге көтерме бағамен алып кетеді деп отыр.

Қайрат Нұрсейітов, «Ақжарма И К» шаруашылығының басшысы:

Субсидия беріп жатыр, жерімізге, техникамызға, тұқым. Мемлекеттің осы барлық мүмкіншіліктерін толық меншіктей пайдаланып жатырмыз. Мәселен, мынау субсидия беріп жатыр, жаңадан техника алып, өзіміздің егінімізді 2-3 күнде боламыз деп жатырмыз. Оның ортасында біз маңайымыздағы техникасы жоқ шаруашылықтардың өнімін жинап, өзіміздің осы техниканың арқасында көп табыс тауып жатырмыз.

Шаруашылық басшылары егін озаттарына қаражаттай сыйақылар мен автокөліктер беруді жоспарлап отыр. Ауылдықтардың тұрмысын көтеріп, жғдайын жақсарту үшін монша мен әлеуметтік дүкен де салған. Одан басқа соғыс, еңбек ардагерлеріне, диқандарға салынған жаңа үйлер бар.

Мұрат Машрапов, «Ақжарма И К» шаруашылығының гидротехнигі:

93 жылы жер үлестерімізді бөліп, сосын тарағанбыз. Әркім өз жер үлесін алып, сонымен бір ұйымдастырылып, бастары құралмады. Әрқайсысы әр жаққа кетті. Техника талан-тараж болды, мал шаруашылығы бәрі таралып, жоқ болды, халық қатты қиналды. Күріш саласында су мәселесі, жердің, техника мәселесі қиындық келтірді, қаржы тапшы болды, адамдарымызға еңбек ақы төлеу өте қиын болды. Қазір, Құдайға шүкір, жағдайымыз жақсы.

Ақжармалықтар мемлекет беріп отырған барлық мүмкіншіліктерді молынан пайдаланып келеді. Егінмен қатар, олар мал, құс шаруашылықтарын дамытып, енді мақсарыны өндеп, май шығаратын цех ашуды жоспарлап отыр. Жалпы облыс бойынша күріш сексен мыңға жуық гектар жерге егілген. Орташа өнім 55-58 центнерден болып тұр. Бүгінгі күні сексен пайызы орылып, тоқсан пайызы бастырылды.

Өмірбек Пашкенов, Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Егін шаруашылығы бойынша бізге 5 миллиардқа жуық қаражат бөлінген. Оның әр гектарына берілітін субсидия 2 миллиард теңге, ол қазіргі кезде толығымен ауыл шаруашылық құрылымдарына төленді. Минералдық тынайтқышқа берілетін субсидия, ол да төленіп болды. Арам шөпке қарсы күресетін гербицидке берілетін субсидия да толығымен берілді. 

Жалпы келесі жылдың егіні үшін қамбаға жиырма бір мың тонна тұқым құйылмақ. Жүз мың гектар жерде сүдігір жыртып, он мың гектар үстінде күздік дақылдар егу межеленген. Ірі компаниялар майда шаруашылықтарға егінді ысырап қылмай, жинап алуына көмектесіп жатыр. Ал қазан айының басында дала диқандарын марапаттайтын "Алтын дән" мерекесі басталады.

Шарипа САҚТАПОВА