Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Жамбыл облысында мектеп директоры оқушыларға кабинетін босатып беруге мәжбүр болды

AstanaTV
07.05.2023ж. 10:26
679
Жамбыл облысында мектеп директоры оқушыларға кабинетін босатып беруге мәжбүр болды

Жамбыл облысы Рысқұлов ауданы Қонаев ауылында мектеп директорынан бастап, мұғалімдерге дейін оқушыларға қызметтік бөлмелерін босатып берген. Шәкірттерге оқитын сынып жетіспейді. Өйткені №5 мектепте бір жыл ішінде бірнеше рет апатты жағдай болып, бастауыш сынып блогы жабылған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Қонаев ауылындағы 315 балаға арналған мектеп 2015 жылы салтанатты түрде ашылған. Алайда оқу ошағының ұжымы ашылғалы апаттан көз ашпадық дейді. Олардың сөзінше, біресе шатырынан су кетсе, тағы бірде сылақтары түсуде.

Ал бір жыл бұрын мектептің негізгі бөлігінің қабырғалары жарылған. Биыл сәуір айының ортасында бастауыш сынып блогының дәлізі мен едені опырылып ортасына түскен. Мектеп әкімшілігі амалсыз бастауыш сыныптар блогын жауып, жоғарғы сыныптар оқитын кешенге көшкен. Бірақ сабақ процесіне сынып жетіспеушілігі кедергі келтіргендіктен мектеп директоры өзінің қызметтік кабинетін босатып берген. Оның оқу ісі жөніндегі орынбасары да бөлмесін беріпті. Бұған мұғалімдер де қосылып, ұстаздар бөлмесі мен жалғыз кітапхананы да сабақ өтетін сыныпқа айналдырған. Апатты жағдайда жабылған кешенде 8 сынып пен 2 шағын орталық бар. Ұстаздар 100-ге жуық баланы сыныптарға әрең сидырып, әлек болып жүргендерін айтты.

"Басқа сыныптарға бас сауғалап жүрміз. Бізге қазіргі оқып жатқан директордың кабинеті кішілеу болып тұр. Содан кейін ол жерге барлық дүниелерімізді көшіруге сыймады. Толық көшірген жоқпыз. Балаларға мына жер ыңғайсыз, біз бұрынғыдай сабақ та өте алмаймыз. Балалар емін-еркін жүруден қалды. Бұл мұғалімдердің өзіне өте қолайсыз болып тұр", - дейді бастауыш сынып мұғалімі Жазира Нәдибекова.  

Мектеп директоры сапасыз құрылыс әу баста жерді дұрыс тегістемегеннің салдарынан болуы мүмкін дейді.

"Қабырғалары жиі жарылады. Содан кезінде астын дұрыс қазып, бітемеген бе деп ойлаймын. Мына дәліздегі ойылған жердің тереңдігі- 30 сантиметр. Енді сапасыз болғандығынан ғой, былтырғы істелген дүние қайтадан осындай болып жатқаны. Бұл тірлік емес. Ал енді мен өз орнымды босатып бергендіктен, бүгінде шаруашылық жөніндегі меңгерушінің кабинетінде отырмын. Бұл өте бір қолайсыз жағдай болып тұр", - деді №5 шағын орталықты орта мектеп директоры Ырымжан Омаров.

Ал Тұрар Рысқұлов аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы маман мектеп құрылысына қанша қаржы кеткенін айта алмады. Мұны бөлімде құжаттама ақпаратының жоқтығымен байланыстырды.

"Мен 2015 жылғы қаражаттың сомасын білмейді екем. Оның ақпаратын құрылыс басқармасынан алу керек. Мектепті мердігер жөндейді. Кеткен кемшіліктерді қайта қалпына келтіру бойынша барлық материалдар мектепке толық жеткізілді. Алдағы аптадан жөндеу жұмыстары басталады", - деді Тұрар Рысқұлов ауданы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Самылтыров.

Жауаптылар жөндеу жұмысын жүргізетін серіктестік шамамен 10 күн ішінде бітіреді деп сендіреді. Оған дейін оқушыларға мектеп басшылығы мен мұғалімдер босатқан бөлмелерде оқи тұруға тура келеді.