Самокатқа қатысты талап күшейеді. Енді 18 жасқа толмаған, көлік жүргізу куәлігі жоқ азаматтар бұл құралды пайдалана алмайды. Өйткені елде самокатпен болатын жол-көлік оқиғалары жиілеген. Астананың өзінде жыл басынан бері 40 адам жарақаттанды. Бұлай жалғаса берсе жағдай ушығуы мүмкін - дейді мәжіліс депутаттары. Толығырақ Аружан Задабек айтады.
Самокаттан зардап шеккендердің бірі – Берік. Екі күн бұрын құлап, ауруханадан бір-ақ шыққан. Ол қала ішінде бұл құралмен жүру өте ыңғайлы, діттеген жеріңе тез жетесің – дейді. Алайда сақ болмасаң, самокаттың сарсаңға салуы әбден мүмкін екенін айтады.
Берік, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Мен самокатты өте қатты жақсы көремін. Бірақ бірнеше күн бұрын қолайсыз жағдай болды. Қатты жылдамдықпен келе жатқан кезде құладым. Міне, енді зардабын тартып жатырмын.
Берік емделіп жатқан елордадағы травматология бөлімшесіне күн сайын осындай жарақатпен кемінде 2 науқас түседі. Олардың дені - 18 бен 35 жас аралығындағылар.
Қасым АСҚАНОВ, №2 ТРАВМАТОЛОГИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ ТРАВМАТОЛОГ-ОРТОПЕД ДӘРІГЕРІ:
Самокаттан құлап, болмаса самокат соғып кеткен науқастар келеді. Олардың жарақаттары көбінесе бетке жырықтар болады. Ушиб деп жатады. Бұғана сүйегін сындырып, тоқпан жіліктің жоғары ұшының сынуы, кәрі жіліктің төменгі ұшының сынуы сондай жарақаттармен келіп жатады.
Былтыр самокатпен 43 жол апаты болды. Оның біреуі өліммен аяқталған. Ал, биыл бұл көрсеткіш өскен. 5 айдың ішінде 44 оқиға тіркелді.
Юлия КУЧИНСКАЯ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ,"AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Кейбір самокаттардың қуаты сағатына 45-50 шақырымға дейін барады. Егер осы жылдамдықпен жүріп келе жатқанда соқтығыс болса аяғы қайғылы жағдай болуы мүмкін. Мұндай жағдайда жаяу жүргіншілердің 45% - ы қайтыс болады. Қалғаны ауыр жарақат алады.
Ал, Екатерина Смышляева сағатына 50 шақырымнан асатын жылдамдықтағы электр самокаттарын елге әкелуге тыйым салуды ұсынды.
Екатерина СМЫШЛЯЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ,"AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Заң бойынша бізде сағатына 25 шақырымға дейін жылдамдықтағы электр самокаттар бар. Ал 25 шақырымнан жоғары ол - мопед. Сондықтан жылдамдығы 50 шақырымнан асатын самокатты әкелмеу керек.
Осының бәрін ескергеннен кейін мәжіліс депутаттары электр самокатпен жүретіндерге бірқатар талап қойды. Заң жобасына сәйкес, енді самокаттар көлік құралы ретінде танылады. Велосипед жолдары мен жол жиектерінде шектеусіз жүре алады. Жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен, оның ішінде автобус жолағымен бір қатарда жүруіне рұқсат. Бірақ,бұл үшін жүргізуші 18 жасқа толуы міндетті. Сондай-ақ, басына шлем киюі қажет. Ең бастысы кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы шарт.
Марат АХМЕТЖАНОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:
Бұл заң жобасы депутаттардың ұсынысымен енгізіліп отыр. Самокаттардың жүру ережелерін реттейді. Мысалы, жол үстінде оң жағынан, тек қана 18-ге толған жүргізуші куәлігі бар, басында қорғау шлемі болуы керек.
Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Қазір қала көшелерінен самокатқа мінген тұрғындарды жиі байқаймыз. Халық үшін бұл құрал өте тиімді болып отыр. Кептеліс те тұрмайсың, діттеген жеріңе дем де жетесің. Құрметті көрермен, мына журналист самокатты қалай-қалай айдайды деп ойламаңыздар. Мен бүгін травматологтардың біраз кеңесінен кейін самокатты еркін айдауға қорқып қалдым. Бірден құлап, мертігіп қалуың мүмкін.