Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

"Жедел жәрдем өте кеш келді": Алматыда әкесі мен 4 баланың өлімі туралы тың деректер белгілі болды

10.05.2023ж. 20:00
1284
"Жедел жәрдем өте кеш келді": Алматыда әкесі мен 4 баланың өлімі туралы тың деректер белгілі болды

Алматы облысы Елтай ауылында бір отбасынан 5 адам белгісіз жағдайда көз жұмды. Үй ішінде ес-түссіз жатқан оларды алдымен көршісі көрген. Барлығы ауруханаға жеткізілгенімен, әкесі мен 4 баланы құтқарып қалу мүмкін болмады. Ал анасы есін енді жиды. Болған жағдайдан әлі хабарсыз. Не болып, не қойғанын да білмейді.

Әйкерім ПЕРНЕБЕК, ТІЛШІ:

Отбасы осы екіқабатты үйде тұрған. Жедел жәрдемді көршілері шақырыпты. Бірақ бір сағаттан аса уақыт күткендерін айтады. Себебі, көшенің аты жоқ. Дарігерлер ертерек келгенде жағдай басқаша болуы мүмкін бе еді дейді.

Сердалы ҚҰЛЕКЕЕВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Не аты жоқ, не заты жоқ осы жерде 45 тей отбасының үйі бар мына жерде. Не көшенің атын бермейді. Сонымен 12 жылдан бері отырып келе жатырмыз осы жерде. Қай жақтан табады сосын жедел жәрдем? Бір сағат бір жарым сағаттың айналасында келді одан беріде келген жоқ. Көшенің бойына шығамыз, мына жаққа шығамыз, адамдарды жан жаққа бөліп қоямыз. Содан тұрады ана жақта скорый көрінсе соны шақырып. Екі үш күн болды содан кейін бас ауырып жүр.

Жақсыбай ҒАППАРОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Келсек балалардың бәрін осылай шығарып далаға қойған, бәрі жатыр қиялап. Енді оның газдан ба, неден болғаны белгісіз әлі. Келін больницада жатыр енді. Жалғыз өзі қалды ғой енді бір семьядан. Жақсы адамдар, жақсы кісінің балалары еді олар. Зор балалар еді. Әкесі де жақсы адам еді.

1985 жылы туған әйел Қарасай көпсалалы ауданаралық ауруханасына жеткізілген. Қазір оның жағдайы тұрақталып жансақтау бөлімінен, палатаға ауыстырылды. Дәрігерлердің айтуынша, келіншек есін жиған, бірақ ауруханаға қалай жеткенін, не болғанын білмейді.

Нұрсұлтан ЖҮЗБЕКОВ, ЖАНСАҚТАУ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Бізге жедел жәрдем бригадасымен алып келген кездегі болжам алды диагноздары “отравление угарным газом”. Біздегі алынған алғашқы анализде кислота шелечного состояниені көрсететін КШС анализдің көрсеткіші бойынша карбокси гемоглобинінің өте жоғары көрсеткішін көрдік. Сол бойынша көмек көрсетілді. Көрсетілген көмекке қарамастан 4 балаға араша болу мүмкін болмады.

Оқиға болған күні отбасы қонақ күткен. Меймандарды шығарып салған соң үй иелерімен ешкім хабарласпапты. Тек келесі күні сағат үштердің шамасында ауылдасы кіріп, селсоқ жатқан алты адамды көреді. Отағасы жедел жәрдем жетпей қайтыс болған, ал 4 бала ауруханада көз жұмды. Олардың үлкені-15-те, кішісі -5 жаста.

Айдар УМАРОВ, ҚАРАСАЙ АУДАНЫ АПБ БАСТЫҒЫ:

Аталған дерек дереу аудандық полицияда тіркелді. Болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындаумен барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Айта кетейік, тергеудің толықтығы үшін Алматы облысының ТЖД зерттеу сынақ өрт зертханасы, Газ қызметі және СЭҚ шақырылды.

Сараптамалардың түпкілікті қорытындысы әлі шыққан жоқ. Алдын ала нұсқа бойынша, отбасы мүшелері көміртегі тотығына уланған болуы мүмкін.