Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Қызылжарлық тұрғындар: «Бесоба» оқиғасын қайталауымыз мүмкін

AstanaTV
30.09.2016ж. 20:00
2606
Қызылжарлық тұрғындар: «Бесоба» оқиғасын қайталауымыз мүмкін

«Бесоба» оқиғасы Қызылжарда қайталануы мүмкін. Осылай деген көпқабатты үй тұрғындары баспана бір ай ішінде құлайды деп қауіптеніп отыр. Өйткені кәріз құбыры жарылып, ғимараттың іргетасына зақым келтірсе керек. Тұрғындар жөндеуді өздері-ақ жүргізбек. Бірақ оған қолдары жетпей отыр. Оларға не кедергі? Абзал Құрманкин анықтап келді.

Интернационал көшесінің бойында орналасқан мына 4 қабатты үй 1963 жылы бой көтерген. Ескі болған соң, жертөле қарастырылмаған. Ал коммуналдық жүйелер істен шықса болды, тұрғындар еденді қопаруға мәжбүр. Бірақ бұл жолы ондай мүмкіндік болмай тұр, -  дейді халық. Өйткені бірінші қабаттың жартысын алып отырған туристік компания еденді бетондап тастаған.

Наталья Барышева, үй тұрғыны:

Проблема 2005 жылы компания құрылыс жұмыстарын жүргізген кезде басталды. Олар өз еденін бетонмен құйып тастаған. Шамамен 2012 жылы құбырда тесіктер пайда болды. Бірақ кәсіпорын бізді ол жерге жібермей жатыр. Өзі де жөндегісі келмейді. Ал биыл тамыз айында жағдай ушығып кетті. Кәріз құбыры мүлдем істен шықты.

Абзал Құрманкин, тілші:

Даладан кіретін кәріз құбыры мекеме астынан өтіп, үйдің кіреберісіне қарай барады. Тұрғындардың пайымдауынша, құбыр дәл осы жерден жарылған. Енді бүкіл жуынды сыртта тұрған құдықтарға емес, жердің астына кетіп, үйдің іргетасын шайып жатыр. Осының кесірінен қабырғалар көгеріп, қақырай бастаған. Бұқара, қолқаны қабатын иіс әбден қажытты, дейді.

Александр Дегтярев, үй тұрғыны:

Біздің үй ертең, не бір айдан кейін құлауы мүмкін. Үйге кіруге қорқамыз. Балаларымыз бар. Ертең бірдеңе болса, кім жауап береді?

Ал туристік компания директоры жөндеуге қарсы емес. Жаңғырту жұмыстарын жасаймын деушілерге есік ашық, дейді. Тіпті еденді қалпына келтіруге кететін шығынды өз мойнына алмақ.

Наталья Зварич, туристтік агенттік директоры:

Біз бұл жердің құбырын ауыстырғанбыз. Егер де құбыр жарылса, бұл жерде сасық иіс тұрар еді. Біз тұрғындарға «ақшаларыңды жинап, көрсетіңдер, кейін бетонды қопаруға рұқсат береміз», дедік. Бірақ олардың бастары бірікпей жүр. Егер де біздің талаптарымызды орындаса, әрине, жөндеу жұмыстарын істей берсін. Кейін еденнің кафелін өзім-ақ дұрыстаймын.

Бірақ жергілікті билік өкілдері  үй апатты емес деген шешімге келген. Бірақ туристтік компания еденді төсегенде құрылыс ережелерін сақтамағаны белгілі болды.

Николай Свестунов, Петропавл қаласының әкімдігі тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы:

Ортақ талаптарға сәйкес, қай жерде болмасын адамның коммуналдық жүйеге қолы жету тиіс. Егер апат болса, құрылысшылар кедергісіз сол жерге жетуі керек. Бірақ бұл кәсіпорынның жеке мүлкі болған соң, біз заң жүзінде ештеңе істей алмаймыз. Тұрғындар бұл мәселені сот арқылы шешуі тиіс.

Бұқара компаниямен бір ымыраға келе алмаған соң, оларды сотқа берді. Енді жөндеу жұмыстарының кімге артылатынын судьялар шешетін болады.

А.ҚҰРМАНКИН