$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Павлодар облысында тұрғындар ауыл іргесіндегі кен орнының жабылуын сұрайды

18.05.2023ж. 20:00
958
Павлодар облысында тұрғындар ауыл іргесіндегі кен орнының жабылуын сұрайды

Павлодар облысы Үштерек ауылының тұрғындары ауыл іргесіндегі кен орнының жабылуын сұрайды. Ауылда мал бағатын жер қалмады - деп отыр. Өйткені, ауыл маңындағы жерлер түгелімен жеке меншікке өтіп кеткен. Ал кен орнынан шыққан жүк көліктері елдімекеннің жолын қиратқан. Ең қауіптісі, қазылған жерде пайда болған көлге балалар шомылып жүр.

Тұрғындары құм шығаратын кен орнының жұмысына қарсы. Өйткені, карьер іргедегі жайылым жерді жауып тастаған. Айналасы түгел егін болғандықтан, басқа мал жаятын жер қалмапты.

Аят ҚАБДЫРАЗАҚҚЫЗЫ, ҮШТЕРЕК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ауылдың айналасындағы 3-тен 5 км жер біздің меншігімізде болу керек еді. Бәрі кәсіпкерлерге беріліп кеткендіктен ауылда мал жаятын жер жоқ. Төңіректегі жерлердің бәрі кәсіпкерлердің еншісінде.

План ҚАЖЫБАЙҰЛЫ, ҮШТЕРЕК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мына жерде карьер бар құм қазып жатқан. Міне, ауылдың шетіне кіріп келді. 500 метр ғана жер. Бұл карьер неге әкімнің білімінде болмайды.

Ал құм алуға келген жүк көліктері ауылдың жолын тас- талқан еткен. Ойылып қалған жол тұрғындарды әбігерге салуда.

Қалибек ӨРКЕНБАЙ, ҮШТЕРЕК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ақсу қаласынан 7 км алшақта тұрамыз. Сол 7 км барып келу бізге мұң. Себебі, жолымыз шұрқ тесік. Машина жүру мүмкін емес. Бір рет барып келу үшін бір күн ремонтта тұрамыз.

Кен орны ауылдан небәрі 1 шақырым жерде орналасқан. Қазылған жерде үлкен көл пайда болыпты. Бұл балалар мен төрт түлікке қауіп төндіріп тұр.

Мырзабек СЕЙІТ, ҮШТЕРЕК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ауылға өте жақын орналасқан. Қаншама жайылымдық жерді алып жатыр. Бұның жабылуын талап етеміз бүткіл ауыл болып. Жас балалар келіп шомылады. Және бұған мал батып өліп жатыр. Осымен өте қауіпті болып тұр.

Кен орнының иесі карьердің ауылға қарай жылжып келе жатыр дегенмен келіспейді. Ал, жүк көліктерінің тас жолмен жүретінін мойындады.

Александр ТОЛМАЧЕВ, КЕН ОРНЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Менде төрт «Камаз» жұмыс істеп жүр. Бұған дейін ірі габаритті Қытай автокөліктері болғаны рас. Қазір біздің көліктерімізге 10 тоннадан артық жүк артуға болмайды. Ал, құм сатып алатын кәсіпкерлерге жазықтағы тақыр жолмен жүріңдер деп кеңес береміз. Бірақ асфальтқа шығып кететіндері бар.

Әкімдіктегілер халыққа мал жаю үшін 2 мың гектар жер берілген дейді. Ал тас жол келер жылы жөнделеді. Жерді жалға берген жер қойнауын пайдалану және су ресурстары басқармасы кен орны ешқандай талап бұзбағанын айтады. Сондықтан да карьерді жабуға еш негіз жоқ - дейді.