Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қарағандыда шатыры түгелдей жанып кеткен 5 қабатты үй тұрғындары көмек сұрайды

22.05.2023ж. 20:00
951
Қарағандыда шатыры түгелдей жанып кеткен 5 қабатты үй тұрғындары көмек сұрайды

Қарағандыда балконнан шыққан өрт салдарынан 5 қабатты үйдің шатыры түгелдей жанып кетті. Оны қалпына келтіру үшін млн-даған қаражат қажет. Ал оқыс оқиғаға кінәліні анықтау оңай болмай тұр. Балконы өртенген пәтер қожайыны баспананы бір- ақ күн бұрын сатып алған көрінеді. Көшіп те үлгермеген. Енді шығынды кім өтейді? Айжан Қуаштың бейнематериалы

Жоғарғы қабаттағы пәтер балконының жанып жатқанын көршілер байқап өрт қызметіне хабарлапты. Пәтерде адам болмағандықтан тілсіз жау білінбей шатырды шарпыған. Баспана қожайыны Мария Менкаилова ол туралы тым кеш білгенін айтады. Әйел бұл пәтерді өрттен бір- ақ күн бұрын сатып алған. Көшіп те үлгермеген. Енді ғана алған баспанасынан түк қалмады.

Мария МЕНКАИЛОВА, ПӘТЕР ИЕСІ:

Пәтердің кілтін жұма күні кешке ғана алып, өрт болатын күні түскі 12 шамасында келіп көріп кеттім. Су, жарық бәрін сөндірдім. Темекі тартпаймыз. Көзбен қарап шықтым да ертең келіп тазалармын деп кеттім, бірақ балконда не жатқанына мән бермеппін. 10 жыл бойы ақша жинап, туыстарыма қарызданып алған баспанам еді. Енді не істерімді білмеймін.

Мария құзыретті орындар бар шығынды мойныма іле ме деп қорқады. Өйткені 5 қабатты үй енді мүлде шатырсыз қалды. Оның үстіне өрт сөндірушілер жалынның бетін әрең қайтарған. 22 техника, 100- ге тарта құтқарушы жұмылдырылды.

Жанна ДӘУРЕНБЕКОВА, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Алдын ала болжам бойынша өрт шығуының ең ықтимал себебі ол - ашық от көзі, ол –сіріңке, темекі немесе басқа да ашық от көзі. Өртті сөндіруді қиындатқан ол өрт туралы хабарламаның кеш түсуі, өрттің үлкен алаңы қалың түтін және төрт кіре берісте бір мезгілде эвакуация жасау қажеттілігі.

Абырой болғанда, адам аман. Алайда біраз баспана бүлінген. Өртті сөндіру үшін пайдаланылған су көрші подьездегі пәтерлерге ағып, біраз шығын келтірген.

Перизат ОРАЗБЕКОВА, ЗАРДАП ШЕГУШІ:

Пожар болғанда терезені сындырған балкондағы, напормен болған шығар. Балконнан су түгел үйге кірген залға, пол көтеріліп кетті. Астынан су кетіп шылқып тұр.

Сәуле МАЛШЫБАЕВА, ЗАРДАП ШЕГУШІ:

Бар терген-жиғанымызбен жасаған нәрсенің бәрі зая кетті. Мынаның бәрі обоиларымыз ашылып жатыр.Пожарныйлардың шашқан суы үйге кірген ғой. Қанша қаражат,көмек сұраймыз. Жаңбыр жауған сайын мынаның бәрі қайтадан ағады ғой.

Тұрғындар балконға сіріңке мен темекі шоғын кім тастағанын біле алмай дал. Оны тергеу тобы тексеріп жатыр. Өрттің нақты себебі 2 күннен кейін анықталмақ.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Өрт салдарынан 5 қабатты үйдің шатыры, шамамен 800 шаршы метрден астам аумақ жанып кеткен. Оны қалпына келтіру үшін тұрғындарға 40 млн-нан астам теңге жинауы тиіс. Жергілікті әкімдік өкілдері көмектесе алмаймыз деген. Амалы таусылған тұрғындар қайырымды жандардан көмек сұрап отыр.