$511.22 €540.05 ₽4.73
×

«Елорда жастары» тұрғын үй бағдарламасына өтінім қабылдау басталады

22.05.2023ж. 20:00
1618
«Елорда жастары» тұрғын үй бағдарламасына өтінім қабылдау басталады

Тұрғындар тауар несиесін алуды жиілеткен. Оған не себеп? Отандық экспорттаушыларға шекарадағы кедергілерді анықтау жұмысы басталады. Қызығы, кедергілерді «құпия сатып алушы» ретінде анықтамақ. Осы және өзге де ақпараттар «Экономика» топтамасында.

«ЕЛОРДА ЖАСТАРЫ» БАҒДАРЛАМАСЫ

30 мамырдан бастап «Елорда жастары» тұрғын үй бағдарламасына өтінім қабылдау басталады. Оған мұғалімдер, дәрігерлер, журналистер, мәдениет, спорт, әлеуметтік және коммуналдық қызметкерлері қатыса алады. Тек жасы 35-тен аспауы қажет. Бағдарламаны жүзеге асыруға Астана қаласы әкімдігі мен Отбасы банкі 3 млрд теңге бөліп отыр. Бұл қаражат бағдарламаның 200-ге жуық қатысушысына жетеді. Несие мөлшерлемесі 5 пайыз және ең жоғары сомасы 18 млн теңге болады.

Өтініштер qatysu.zhilfond.kz сайтында қабылданады. Авторизациядан өту үшін электрондық цифрлық қолтаңба болса жеткілікті. Үміткерлер баллдық жүйе бойынша іріктеледі.

Қатысушы Астана қаласында кем дегенде соңғы бір жыл ішінде тұрақты тіркеуде болуы қажет. Отбасы банкінде сатып алатын баспана құнының 10% мөлшеріндегі алғашқы жарнасы бар депозиті болуы тиіс. Сондай-ақ, соңғы бес жыл ішінде атына пәтер тіркелмеуі қажет. Зейнетақы шотының көшірмесі және табыс мөлшері отбасының 1 мүшесіне шаққандағы көрсеткіші 243 402 теңгеден аспауы тиіс.

Қайрат ТӨРЕБАЕВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Экспорт кезіндегі сауда процедураларын жеңілдету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сауда және интеграция министрлігі барлық өткізу пункттерінде бизнес процестер мен экспорт процедураларын талдау жұмысын қолға алды. Біз отандық өнім экспортын бөгейтін процедураларды анықтау мақсатында «құпия сатып алушы» ретінде өткізу пункттеріне бару тәжірибесін бастаймыз.

ЭКСПОРТҚА ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕДІ

Қазақстан 106 елге өңделген өнім экспорттайды. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6 елге көп. Өңделген тауарлардың негізгі импорттаушылары Ресей, Қытай, Өзбекстан, Түркия, Нидерланд, Ұлыбритания, Жапония, Қырғызстан, Грузия, Ауғанстан елдері. Еліміз экспортқа мыс, мыс катодын, ферроқорытпа, уран, мұнай өнімдерін, күміс, ұн, мырыш, табиғи газ шығарады. Министр экспортты 2025 жылға қарай 41млрд АҚШ долларына жеткізуді көздеп отыр. Сондықтанда жауапты ведмоства, отандық экспорттаушыларға шекарадағы кедергілерді анықтау жұмысына кіріспек. Осы арқылы заңсыздықтарға шектеу қоямыз деді.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ТАУАР НЕСИЕСІН АЛУДЫ ЖИІЛЕТКЕН

Сәуірде жарты миллион қазақстандық 56 мың теңгеге дейінгі кепілсіз тұтынушылық несие алған. Бір қызығы, бұл микронесие емес, тауар несиелері. Атап айтқанда, 167 мың адам, яғни үштен бірі әрқайсысы 20мың теңгеге дейін несие алған. Ал қалғандары 56 мың теңгеге дейін тауар несиесін алған. Демек, бұл дегеніміз 500 мың қазақстандықтың 56 мың теңгеге дейінгі тауарды сатып алуға мүмкіндігі жоқ дегенді білдіреді.