Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

"Субсидияға жауаптылар партиялық жауапкершілікке тартылды" – "AMANAT" ПБК

23.05.2023ж. 20:00
607
"Субсидияға жауаптылар партиялық жауапкершілікке тартылды" – "AMANAT" ПБК

Шағын шаруа қожалықтардың мүддесі қорғалмайды. Субсидия беру ережесі жиі әрі негізсіз өзгереді. Субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесінің жұмысына қатысты шаруалардан шағым көп. «AMANAT»-тың Партиялық бақылау комитеті осындай қорытындыға келді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл 1 ақпанда электрондық форматта қызмет көрсететін Субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі іске қосылды. Осыған дейін 164 млрд теңгеге 35 мыңнан астам өтінім түскен. Соның 9 мыңнан астамы мақұлданды. Алайда, субсидиялау процесі цифрланған сәттен бері шаруалардан маза кеткен. Себебі платформаның кемшін тұсы көп.

Павел КАЗАНЦЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Ауыл шаруашылығы министрлігі үлкен кемшіліктерді дереу шешуі тиіс. Субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі іске қосылғаннан бері оның функционалдық қызметінен бірқатар кемшілік анықталып, жағдай тіптен нашарлап кетті. Субсидияны автоматтандырылған жүйе арқылы ұсыну – барлық рәсімді барынша жеңілдету деген сөз. Алайда, іс жүзінде бәрі керісінше болып отыр. Министрлік пен шаруалар арасындағы байланысты да нығайту керек.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы министрлігі жайылымдарды суару үшін берілетін субсидияны тоқтатпақшы. Нақтырақ айтқанда, құдық бұрғылауға, сорғылар мен электр стансаларына қаражат бөлінбейді. Дәл осы талапқа аграрлық компаниялар қарсы. Шаруалардың наразылығын депутат Нұржан Әшімбетов жеткізді.

Нұржан ӘШІМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Жабдықтың бағасы әртүрлі. Бірақ бұрын минималды бағамен есептеп, шартты түрде 1 сорғы үшін 200 мың теңге қарастырылды. Шаруа 1 млн. немесе 500 мың теңгеге сатып алуы мүмкін, ол маңызды емес. Бірақ ол 200 мың теңгені алып, жайылымға су жеткізетін. Өсімдік шаруашылығы, қант қызылшасына субсидияларды тоннасына 15 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін ұлғайтқысы келеді. Бұл ретте, қант зауыттары тоннасына 20 мың теңгеден төлейді. Неге мемлекет жеке меншік иесінен артық төлейді? Саланы тек бюджет қаржысы есебінен дамыту керек пе? Мұндай тәсілмен бюджетте қаражат қалмайды ғой.

Жайылымда ғана емес, ауылда да су жоқ. 1500-ге жуық тұрғыны бар Ақтөбе облысы Ырғыз ауданындағы Жаныс би және Шеңбертал елдімекендерінің тұрғындары лас су ішуге мәжбүр. Оның өзі арасында болмай қалады дейді. Мәселенің мән-жайы «AMANAT» Партиялық бақылау комитетінде талқыланды. Бұл ауылдарда «Көлсай Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестік ұзындығы 42 км болатын су құбырын салуы керек болған. Алайда, құрылыс талаптарын өрескел бұзған.

Константин АВЕРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Соттың шешімі, анау-мынау деп, адамдарға тағы 6 ай сусыз отыр дейсіз. Менің ойымша қатал шешімдер қабылдайтын уақыт келді. Осы жағдайлардың барлығын бақылауға алу керек. Бұның бәрі жауапкершіліктің жоқтығынан болып отыр. Жасамай ма, жазалау керек. Сондайлардың кесірінен адамдар сусыз отыруға мәжбүр. Салдарынан халық наразылық білдіреді.

«Көлсай Стройды» Экология министрлігінің Су ресурстары комитеті сотқа берген. Ал Нұржан Әшімбетов қолданыстағы жұмыс тәртібін қайта қарауды ұсынды. Артылған қызметті дұрыс атқармаған «AMANAT»-тың Ырғыз аудандық филиалының Атқарушы хатшысы, Ырғыз аудандық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы және Ақтөбе облыстық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы партиялық жауапкершілікке тартылады.