Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлнар Иксанова халықпен кездесті

AstanaTV
04.10.2016ж. 20:00
2628
Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлнар Иксанова халықпен кездесті

Неврологиялық ауруға душар болған балалардың сырқатын созып алмай, алдын ала диагностика жасау арқылы анықтау керек. Бұл тек денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштерді жақсартып қоймай, дертпен күресіп келе жатқан сәбилер мен олардың ата-анасына өлшеусіз көмек болар еді.

Тәжірибелі дәрігер Айгүл Абдуалиеваның пайымы осы. Тың жоба авторы керекті құжаттарды жинап, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне де өз жобасын таныстырған. Тиісті орындар мұндай орталықтың қажет екенін айтыпты. Енді жобасын іске асыру үшін қандай қадам жасау керектігін ақылдасу мақсатында, дәрігер Мәжіліс депутаты Гүлнар Иксанованың қабылдауына келді.

Айгүл Абдуалиева, дәрігер-невропатолог:

Неврологтар ассоциациясын қолдайтын қорлардан инвестиция тартуды көздеп отырмыз. Еліміздің балалар нейрохирургиясы қауымдастығымен тығыз байланыстамыз. Олардың халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасы орнықты. Сол арқылы әлемдік ұйымдарға шығуды қарастырамыз. Жобада орталықтың жұмысын мемлекеттің қатысуымен жүзеге асыру жоспарланған. Бұл бастама медициналық және әлеуметтік бағыттарды қамтиды. Сондықтан жүзеге асатын әлеуметтік бағдарламалар қатарына іліксек деген оймен келдік.

Елімізде диагностика жасайтын жоғары санатты мамандар жеткілікті. Олар науқастарды медициналық мекемеде қабылдайтыны белгілі. Сырқат баланы алып жүру оңай емес. Сондықтан орталық бір күнде ашыла қоймаса да, алғашқы жұмыстар қолға алынуы тиіс, - дейді депутат. 2014 жылдан бері жарымжан халдегі балалардың үлес салмағы артып келе жатқанын ескерсек, нақты әрекетке көшудің маңызы зор.

Гүлнар Иксанова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Бұл, аурудың алдын алып, алғашқы белгілері білінгенде, қам-қарекет жасауға көмектесетін жалғыз модельді жоба деп есептеймін. Бірден іске асып кетпесе де, бастапқыда үйлестіру ісін атқарса, шаруаның оңды бола бастағаны. Сырқаты бар бала, бір маманнан екіншісіне барып жүргенде, жағдайы нашарлап, соңында мүгедектерге арналған интернатқа түсетіндей жағдайға жетуі мүмкін. Ауруға шалдыққан сәбиді емдегенше, сырқаттың алдын алып, дертті болдырмаудың жолын қарастырған тиімді.

Қабылдауға келген басқа азаматтардың мәселесі де елеусіз қалмады. Жер телімін заңдастыру, баспана беру және өзге де әлеуметтік мәселелерді мұқият тыңдаған Гүлнар Мұстахымқызы, келіп түскен өтініштер есепке алынып, қаралатынын айтты. 

Айбек ҚОСАНОВ