Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Қызылордада тұрақтандыру қоры арқылы алынған 10 млн. теңгенің өнімі қоқысқа айналды

Қызылордада тұрақтандыру қоры арқылы алынған 10 млн. теңгенің өнімі қоқысқа айналды

Қызылордада тұрақтандыру қоры арқылы алынған өнімдер жарамсыз болып қалды. Тонналаған картоп, жуа, қырыққабат қала шетіндегі қоқыс алаңында төгіліп жатыр. Негізінен ол әлеуметтік дүкендерде халыққа қолжетімді бағада сатылуы тиіс болатын. «Қызғанған қызыл итке жем боладының» кебін келтірген шенеуніктерге қала тұрғындары ашулы. Ал олар болса, шіріп кеткендіктен тастауға мәжбүр болдық деп ақталуда. Мәселені тілшіміз тарқатады.

Қоқыс алаңында тонналап төгіліп жатқан көкөністерді шенділер бағаны тұрақтандырамыз деп облыстық бюджет есебінен алған. Оған бақандай 10 млн теңге жұмсалыпты. Негізінен бұл қоқыста емес, әлеуметтік дүкен сөрелерінде тұру тиіс болатын. Жауаптылар ол адам түгіл мал жеуге жарамсыз дейді. Сондықтан іріп-шіріген өнімді тастауға мәжбүр болыпты. Ал қарапайым халық әлеуметтік дүкеннен қажет азық-түлікті дер кезінде таба алмайтынын айтады.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Мен кірмеймін оларға, заттары шіріп-міріп, көбі қалдық. Қайдан әкеп қойып жатқанын түсінбеймін.

- Менің сұраған заттарым бірнеше рет барған кезде болмады. Содан кейін мен кірмейтін болдым.

- Обал ғой, қоқыста жатқан деген. Көрдім ғой мен картоп, капуста жатыр көрдім мен оны.

Аймақта 56 әлеуметтік дүкен бар. Біз соның бірнешеуіне барып көрдік. Кейбірі жабық, енді бірінде азық-түлік толық емес.

Бұл тұрақтандыру қорының қоймасы. Қыста ық, жазда көлеңке демесеңіз талапқа сай емес. Іріп-шіріген өнімнің жағымсыз иісі мұндада сезіледі. Сондықтан да болар корпорация өкілдері негізгі өнімнің басым бөлігі жеке қоймада сақталып тұрғанын жеткізді. Ал шығынның былтырғыдан 3 есе аз екенін айтып ақталды.

Самат ЕРНИЯЗОВ, «БАЙҚОҢЫР» ӘКК ТӨРАҒАСЫ:

2012 жылдан бастап біз жылда өтпей қалған затты біз полигонға өткіземіз. Ол өткізу жөнінде өзінің қағидасы бар Үкіметтің қаулысымен бекітілген. Ережеге сәйкес біз оны дүкен арқылы сата аламыз, я тек жоя аламыз. Оны біз таратып беріп ондайлар қаралмаған ережеде.

Түске дейін арнамызға сұхбат берген басшы кешкісін қызметінен босатылды. Ысырапшылдыққа жол берген басқарма басшысына қатаң сөгіс жарияланды.