Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Шетелдің ірі компаниялары Қазақстан аумағында жұмыс істеуге келіп жатыр

AstanaTV
29.05.2023ж. 22:03
950
Шетелдің ірі компаниялары Қазақстан аумағында жұмыс істеуге келіп жатыр

Шетел компаниялары Қазақстан аумағына көшу туралы ұсыныс айтып отыр. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров мәлім етті.

«Ресей Федерациясынан кететінін ресми түрде жариялаған компанияларды көшіру бойынша ауқымды жұмыстар ескерілген. Қазіргі кезде біз Қазақстанға көшіру бағытында 401 компанияға шақырту жолдадық. Біздің елшілер компания басшыларымен пікір алмасып жатыр. Осы орайда, 67 компания келісіп, өздерінің оң жауаптарын берді. Бұлар бойынша тиісті жұмыстар жалғасып жатыр. Ал, 25 компания көшіру жұмыстарын аяқтады», - деді А. Айдаров Сенатта Қазақстанның инвестициялық ахуалы тартымдылығы тақырыбында өтіп жатқан Үкімет сағатында.

Оның айтуынша, компанияларды Қазақстанға көшіру бағытында 38 мемлекет қатысып отыр. Олар негізінен Германия, АҚШ, Швейцария және Жапония секілді елдерге қатысты.

«Көшіп келген негізгі кәсіпорындарға тоқталсақ, АҚШ-тың Honeywell компаниясы Алматыда шағын өндіріс ашты. Танымал Tiktok кеңсесін Қазақстанға көшірді, Indriver де Қазақстанда. Австралияның Fortescue компаниясы, Францияның Alstom компаниясы, сондай-ақ OZON Астанада логистикалық парк ашады», - деді министрдің орынбапсары.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда шетелдік инвестицияның басым бөлігі шикізат секторына бағытталып жатыр.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мұнай мен газ саласына инвестиция өскенін айтты.