Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

«Атамекен» «7-ші құрлық» бизнес орталығы бойынша сот шешіміне шағым түсірмек

AstanaTV
06.10.2016ж. 20:00
2628
«Атамекен» «7-ші құрлық» бизнес орталығы бойынша сот шешіміне шағым түсірмек

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Астанадағы «7-ші құрлық» бизнес орталығы бойынша шыққан сот шешіміне қарсы шағым түсірмек. Кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша кеңес өткізген палата аталған кешенде орналасқан бизнес орталықтың мән-жайымен танысты.

Бұған дейін «Нұр банк» «7-ші құрлық» тұрғын үй кешеніндегі адамдардың баспанасын тартып алуы мүмкін екені хабарланған. Жүздеген тұрғын шу көтерген соң, банк халықтың баспанасына қол сұққан жоқ. Есесіне, бүгін 20-дан аса кәсіпкер шағымын арқалап келді. Айтуларынша, «Нұр банк» олардың заңды жолмен сатып алған шаршы метрлерін тартып алуда. Бұл дау осыдан 8 жыл бұрын басталған  көрінеді.

Олег Савеленко, «Атамекен» ҰКП құқықтық қорғау бөлімінің басшысы:

2011 жылы бастапқы мүлік иелері «Shyryn LTD» және «Capital Petrol» серіктестіктері арасында «Нұр банктің» кепілдік қарызы бойынша келісім жасалды. Құжатқа сай аталған екі серіктестік «7-ші құрлық» бизнес орталығы мен тұрғын үй кешені құрылыс аяқталғанда банкке жылжымайтын мүліктерді кепілге қою керек еді. Бірақ олар бұл міндетті орындамады.

Бұл жерде мүлікті рейдерлік жолмен тартып алу процесі жүріп жатыр. Нұр банк «Шырын ЛТД»мен бірлесіп осы нысандарды қайта сату жоспарымен адамдардың бизнесін тартып алуды көздеп отыр.


Бүгінде «Нұр банк» бұл орталықтағы бизнеске арналған бөлмелерді кепілдігіне алған. Ал қаржы ұйымы өзінің үлесін 5 жыл өткен соң ғана талап ете бастаған. Палата кеңесіне банк өкілдері келмеді. Бұған «Атамекен» өкілдерінің өзі де таң қалысын жасыра алмады. Өйткені бұған дейін кеңеске қарсы тарап үнемі келетін,-дейді палата кеңесінің төрағасы Ғани Қасымов. Атамекен палатасы, әлбетте, кәсіпкерлерді далаға қуып шығуға жол бермейміз деп отыр. Ауданаралық экономикалық сот пен қалалық апелляциялық соттың шешімдеріне қарсы шағым түсірмек. Ұлттық банк өкілі болса, бұған араласуға құқымыз жоқ, тек «Нұр банктің» әрекетінің заңдылығын ғана тексере аламыз дегенді айтады. Кәсіпкерлер палатасы мәселеге прокуратураның араласуын сұрады.

Ғани Қасымов, «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің төрағасы:

Біз сот шешіміне шағым түсіріп, істі қайта қарау үшін, материалдар дайындауға құқықтық көмек көрсетеміз. Кеңес атынан прокуратураға үндеу жолдаймыз, істі қарап, кәсіпкерлерді мұндай жағдайға жеткізгендерді жауапқа тарту үшін. Және құқық қорғау органдарына да шығамыз. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ