Шығыс Қазақстан облысында 1700-ге жуық адамды кене шақты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде сәуір айында кененің таралу маусымы басталған. Бүгінде барлығы 1698 адам кенеден зардап шекті. Оның ішінде 520-сы 14 жасқа дейінгі бала.
Кене энцефалитіне шалдыққан бір адам тіркелді. Ол Өскемен қаласында тұратын зейнеткер. Бірден ауруханаға жатқызылған пациент ем қабылдауда.
«Жыл сайын Шығыс Қазақстан облысында кенеден зардап шеккендер саны республика бойынша ең жоғары болып қалып отыр. Елімізде кене шаққан оқиғалардың 35 пайызы біздің өңірге тиесілі. Аурудың көпжылдық динамикасын саралай келе, өңірде кене энцефалитін жұқтыру жағдайлары маусым-шілде (78 пайыз) айларында көп болатындығын көріп отырмыз. Эндемиялық аумақтарда орналасқан медициналық ұйымдарда кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулиннің мөлшері жеткілікті», - дейді басқарма басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина.