Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Қарасора. Жаманды жақсыға айналдыру.

AstanaTV
08.10.2016ж. 20:00
6070
Қарасора. Жаманды жақсыға айналдыру.

 Республикада ресми есеп бойынша  45 мың нашақор бар. Алайда медициналық-әлеуметтік проблемалар Орталығының мәліметтеріне қарасақ, 340 мыңнан асады. Яғни әрбір қырқыншы адам есірткіге тәуелді. Проблеманың тереңдей түсетін тұсы - елімізде қарасора өседі. Одан есірткі зарттарын дайындап, сататын қылмыскерлер қояр емес. Шу алқабында жыл сайын маусым айынан қараша айына дейін арнайы операция жүреді. Ұсталады, заттары тәркіленеді, сотталады. Бірақ... Мысалы, Ауғаныстанға БАТЫС әлемі әскер кіргізгеннен кейін керісінше, есірткі өндірісі мен тарату тіптен артып кеткені мәлім. Жылына 700 тонна асады. Яғни тыйым нәтиже бермейді... Соңғы жылдары бізде  –мүмкін қарасораны бейнелеп айтқанда, «бейбіт» мақсатқа пайдалануды жолға қою керек шығар,- деген идея айтыла бастады. Көкнәрдан дәрі-дәрмек, қағаз, тіпті тамақ түрлері шығарылатыны белгілі. Дәрі шығармағанның өзінде оны ірі фармкомпанияларға шикізат ретінде сатуға болады. Идея авторлары осылай дейді. Негізі бейбіт бағытта қарасора өсіріп жатқандар бар. Біртүрлі естілгенмен, жаманды жақсыға айналдыру идеясы қаншалықты өміршең? Солай істей аламыз ба?  Ришат Асқарбекұлы талдап көрді. 

Максим Скрынник қарасораны егіп, оны пайдалы өнімге айналдыруды қолға алған еліміздегі жалғыз кәсіпкер. Ол үш жыл бұрын кәдімгі кеңседе пайдаланатын қағаздарды өндіретін зауытты Шымкентте ашқан. Бірақ оған қажетті шикізат жоқ болып шықты. Қағаз жасау үшін древесина, яғни сүректі Финляндия мен Ресейден тасымалдап жүр. Шымкенттік бизнесмен енді шикізатты кәдімгі қарасорадан өндіруді қолға ала бастады.

Максим Скрынник, «Қағаз шаһары» кәсіпорнының бас директоры:

Идея қағаз өндірісіне шикізат ретінде өнімді қайдан алсам деген ойдан туды. Сора- биологиялық салмағы өте ауыр, көп мөлшерде талшық шығаратын өсімдік.  Бізде қағаз алатын ағаш жоқ. Сондықтан осындай креативтік шешімдерге баруға тура келіп отыр. Сондықтан біз бәсеке қабілетті өнім шығаруға талпынамыз.

Максимнің қара сорадан түрлі өнімдер алу туралы жобасы БАҚ беттерінде жазылып келеді. Жоба авторлары көктемде егілген 40 гектар жердегі егістіктен өнімді жақында жинап алыпты. Осыған дейін аздап еккен қарасора талшықтарынан Оңтүстік Қазақстанда кілем тоқуға  қажетті жіп иіру жолға қойылған. Ал осы өсімдіктен қағаз жасау ісі тырнақалды жоба десе де болады.

Максим Скрынник, «Қағаз шаһары» кәсіпорнының бас директоры:

Нақты міндет- әлемдік деңгейдегі өндірісті ашу үшін  шикізат көзін толық жолға қою керек. Сосын ол сырттан келетін осындай өнімдерге бәсеке болуы шарт. Өздеріңіз білесіздер, бұл салада Еуропа мен өзге де дамыған мемлекеттер 100 жылдан бері айналысады. Ал біз енді қолға алып жатырмыз. Біз жәй асығып қана қоймай, екі өкпені қолға алып  жүгіру керекпіз. Алдағы үш жылда  шикізатты жинап алып, сосын зауытты іске қосамыз.

Жоба авторларының алдымен шикізат көзін қалыптасырып, зауытты сосын іске қосуы құптарлық. Себебі елімізде индустриялық бағдарлама бойынша жұмысын бастаған  ондаған зауыт осы проблеманың кесірінен жабылады екен.  Жалаулатып ашылған кәсіпорындар шикізаттан тарыққан соң, есіктеріне қара құлып ілуге мәжбүр. Сондықтан көкнәр алқаптары көбейіп, шикізат әбден пісіп-жетілгенде, нақты өндіріс қолға алынбақшы. 

Дыбыстық қыстырма: міне мынау сондай қатты, қолмен үзу мүмкін емес....

Кендір шөпті қолмен егу үшін кәсіпорын Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Алматы облыстары және Шымкенттен мыңдаған гектар жер алған. Биыл алғаш рет солтүстіктің құнарлы алқабына қара сораны егіп көрді. Адам бойынан асатын өсімдік бітік шығыпты.  Тамыз айында дақылдың басындағы дәндері жинап алынған. Қазір мына қоймада сақтаулы жатыр. Келесі жылы сол жерге қайта себіледі. Ал әлгі қағаз, тоқыма өнеркәсібі үшін қажетті өнімдер әзірше  алқапта жата тұрады.  Олар  тек ерте көктемде жиналады екен.

Белгібай Қанафин, «СҚО тәжірибелік станция» ЖШС директоры:  Биыл тұқымды арнайы комбайн болмаған соң, өз комбайнымызбен жинап алдық. Қазір осы қоймада сақтаулы тұр. Жоба жетекшілері оны келесі жылы қайтадан егіңдер десе, егіп береміз. Тазалап тапсырамыз. 

Ғалиолла Мейірман, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, академик:

Мұны сол дестеге түсіп шабады да, сол күйінде қалдырады. Ол бір-екі айдың көлемінде жатады. Судың астында. Сосын оның ішкі өзегі кеуіп, баяғы бактериялары құриды. Оны зауытқа апарған соң, ұрып-соғып, валдан өткізіп, ішіндегісі шашырап түсіп қалады. Тек қабығы қалады. Оның жіңішкелігі біздің шаштан да жіңішке. Үзу мүмкін емес.

Ғалым қолға аланған тың жобаның ғылыми негіздемесін жасаған. Украиналық  мамандармен бірігіп, техникалық көкнәрдің бірнеше сұрыбын әкеліп, өнім алуға ат салысып жүр. Ғалиолла Мейірман бұл амбициялық жобаның болашағына сенеді. Себебі жер қолайлы, креативтік идеяларды бизнесмендер әкеліп жатыр. Енді тек Үкіметтен барынша қолдау қажет. Оның үстіне жоба «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына енген.

Ғалиолла Мейірман, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, академик:

Орысша конопля, қазаша сора. Қазақстанда бұрын егілген дақыл емес бұл. Отызыншы жылдары Шу алқабына әкелінген еді. Арқан жіп жасаймыз деп. Ол кезде химия өнеркәсібі дамымай тұрған. Ол кейін жабайы түрде өсіп, өзіңіз білетін проблемаға айналып кетті ақырында. 

Қазақстан атырабы жабайы жолмен өсетін қарасорадан кенде емес. Әйгілі Шу алқабын қылмыстық топтар әлі күнге дейін табыс көзіне айналдырып келеді. Жамбыл облысында жыл басынан бері есірткіге байланысты 500-ден астам қылмыс тіркелген. Облыс аумағындан 193 тонна психотроптық есірткі тәркіленіпті.

Асхат Әлметов, Жамбыл облысы іід есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының басшысы:

Олардың тілімен айтқанда анаша дейді ғой. Сол көп таралған. Оны сол Шу алқабынан теріп алып, соны солтүстік, оңтүстікке жөнелтуде. Оның зияндығы ішіндегі конобидойды адамның жүйкесін зақымдайды. Оның ішіндегі психотропты заты көп.

Максим Скрынник, «Қағаз шаһары» кәсіпорнының бас директоры:   Біз техникалық қарасораның кәдімгі марихуанадан айырмашылығы болатынын дәлелдедік. Жобаны құзырлы органдардың алдында қорғап шықтық. Ішкі істер министрлігі арнайы сот-медициналық сараптама жүргізіп, егуге болады деп рұқсат беріп отыр.

Мамандар жобаны жүзеге асыруға, одан пайда көруге болатынына шүбә келтірмейді. Есірткілік шөпті бейбіт мақсатқа пайдалану Қытайда, Еуропада, әсіресе Германияда әлдақашан дамып кеткен.

Ал қазақ жеріндегі қанатқақты кәсіпке ешқандай кедергі жоқ. Амбициялық бастаманы көтеріп отырған бизнесмендер алдағы үш жылда шикізат жинап алса, одан кейін Қазақстан аумағында осындай 6 зауытты бірден іске қосуға құлшынып отыр. Ол шамамен 700 адамға жұмыс береді. Әсіресе қағаз өндірісі үшін бұл жобаның маңыздылығы еркеше. Себебі Қазақстан қазір қағаз өнімдерін  толықтай сырттан импорттайды. Жыл сайын 30 млрд. теңге  сыртқа кетіп жатыр.

Ришат Асқарбекұлы, Абзал Құрманкин, Данияр Әлімқұл, «Біздің уақыт».