Биыл Қызылорда облысында мемлекеттік бағдарламалар аясында 40-тан астам әлеуметтік нысан салынбақ. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары облыста 27 денсаулық сақтау нысаны бой көтереді. Қызылорда қаласында бір ауысымда 100 келушіге арналған емхана мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны – 36,4 млрд теңге», – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, облыс орталығында 200 орындық перинаталды орталық салынады.
Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы 3 жылда құны 100 млрд теңгеден асатын 21 мектеп бой көтермек.
Биыл соның ішінде 10 мектептің құрылысы басталады.
Білімді қолдау қоры» қаражаты есебінен Қызылорда қаласында дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты салынады. Жобаның жалпы құны – 7,9 млрд теңге.
«Сол жағалаудағы көпсалалы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына жергілікті бюджет есебінен жоба-сметалық құжаттама әзірленді. Жоба құны 6,9 млрд теңге болады. Құрылысы биыл басталады. Аталған тізімге облыс бойынша 1 775 орынға арналған 4 мектептің қосымша құрылысы енгізілді. Құрылыс жұмыстары 2023-2024 жылдары аяқталады. Айта кетейік, өңірде өзге де әлеуметтік нысандар салынуда. Атап айтқанда, құны 1,6 млрд теңге болатын «Неке сарайы» тамыз айында пайдалануға берілмек. Жалпы құны 3,7 млрд теңге болатын 1000 орындық «Өнер орталығы» желтоқсан айында, сол жағалаудағы құны 2,7 млрд теңге болатын «Қан орталығы» 2024 жылы іске қосылады», - деді әкім.