«Теміртау Қазақстандағы ең лас қала. Тұрғындардың мұнда қалай күн көріп отырғаны таң қалдырады». Бүгін шаһарға іс сапармен барып түтінге тұншыққан Парламент Мәжілісінің депутаттары өз әсерлерімен осылай бөлісті. Бір топ халық қалаулылары мен экология министрлігінің өкілдері «АрселорМитталТеміртауға» тиесілі металлургиялық комбинатты аралап, экология, энергетика және өндірістік қауіпсіздік мәселелерін талқылады. Зауытта жаңа салынған электрофильтр өшіп тұр. Ал қыс бойы жыр болған жылу электр орталығының мұржасы құбырға қосылмаған. Жылу энергия өндіруші кәсіпорындарының тозығы жеткен. Күні кеше коксты газ жанып ауаға шамадан тыс қою қара түтін тараған. Оның иісі бүгін бүкіл қалада сезіліп тұр. Қағаз бетіндегі цифрлармен ғана танысып көрген депутаттар бүгін бәрін көзбен көрді.
Еділ ЖАҢБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Біз келген уақытта сол өздерінің жаңадан салынған электрофильтрді өшіріп тастаған. Айтуларынша ол жақсы жұмыс істейді дейді. Бірақ біздің күмәніміз бар, ол шын мәнінде жақсы жұмыс істеп тұрса жұмыс барысында көрсетулері керек еді.
Зауытта зиянды қалдықтарды сүзетін фильтрдің жоқтығын тұрғындар жылдар бойы айтып келеді. Жалпы ауаға 231 мың тонна зиянды қалдық тарайды, оның 87 пайызы Арселор Миттал Теміртауға тиесілі. Соған қарамастан экология заңнамасын өрескел бұзуда. Құқық қорғау органдары компанияға 5 млрд теңгеден астам айыппұл салған. Жуырда заңсыз жұмыс істеген күл жинағыштың жұмысы сот арқылы тоқтатылды. Депутаттар осы қалдықты қайта өңдеп, жол құрылысына пайдалануды ұсынып отыр.
Әлима СЫЗДЫҚОВА, ТЕМІРТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Қара түтін, керемт түтін болады. Үйге кіріп келгенде форточканы ашсаң терезенің алды серый күл сияқты болып тұрады. Ауасы өте нашар. Үкіметке айтарымыз соны бір қарастырса халықты ойлап.