Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Шымкентте мешіт ұстазы балаларды көкала қойдай етіп сабаған

16.06.2023ж. 20:00
1230
Шымкентте мешіт ұстазы балаларды көкала қойдай етіп сабаған

Шымкентте медресе ұстазы екі баланы көкала қойдай етіп сабап тастаған. Денелері көгеріп, арқасы бірнеше жерінен сыдырылған жеткіншектердің бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады. Видео авторының сөзінше, арабша ілім бермек болған ұстаз ескіше дүре соқса керек.

Бірі жеті, екіншісі тоғыз жастағы екі бала - ағайынды. Сарыағаш ауданының тұрғындары. Ата-аналары оларды Шымкенттегі мешіттердің бірінде ұстаздық қызмет атқаратын танысының қолына діни сабақ алу үшін жуырда арнайы тапсырған көрінеді. Көпшіліктің ашуын туғызған бұл жағдайға қатысты түсінік берген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы фейстуктегі жазбасында бұл оқиғаның медреседе емес, үй жағдайында болғанын мәлімдеді. Ағабек Қонарбайұлының дерегінше, балаларға дене жарақатын салған адам- Шымкенттегі «Таспау Сәлімбай» мешітінің ұстазы. Осы жағдайдан соң ол арнайы бұйрықпен мешіт ұстазы қызметінен босатылған.

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ, ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Өкінішке қарай «Таспау Сәлімбай» мешітінің ұстазы Рүстем Асқаров өзге тұрмыстық мәселелер бойынша ашуланып, өз эмоциясын тізгіндей алмай, кәмелетке толмаған балаларға қол жұмсаған. Біріншіден, бұл оқиға медреседе болмаған. Екіншіден, «Құран сүрелерін дұрыс оқымағаны үшін балаларды ұрды» деген пікір шындыққа жанаспайды. Осы ретте оқырмандардан мәселенің анық-қанығына көз жеткізбей тұрып алдын-ала болжам айтуға асықпауды сұраймыз.

Қазір бұл оқиғаның мән-жайын полиция анықтап жатыр. Іс "Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау" бабы бойынша тіркелді.

Бақдәулет ОРАЗБАЕВ, ШЫМКЕНТ қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:

Аталған жайт Тұран АПБ-да ҚР ҚК-нің 140-бабы бойынша тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу басталды. Болған оқиғаның мән-жайы анықталуда.