Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Шымкенттегі әскери бөлімнің қызметкері жаттығудан соң қайтыс болды

19.06.2023ж. 20:00
1482
Шымкенттегі әскери бөлімнің қызметкері жаттығудан соң қайтыс болды

Шымкентте әскери бөлімнің қызметкері оқу-жаттығудан соң қайтыс болды. Қайғылы оқиғаға байланысты 6506 әскери бөлімінде қызметтік тексеріс жүргізілмек. Ол 15 маусым күні жауынгерлік жоспар бойынша әскери бөлімнің таулы жерді жүріп өту мақсатындағы сабаққа қатысқан. Ойлы-қырлы аумақты жүріп және жүгіріп өту таңертең басталған. Ал түске таман капитан шеніндегі офицер өзін жайсыз сезініпті. Алғашқы медициналық көмектен соң 34 жастағы Байжанов аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылған. Алайда келесі күні көз жұмды. Марқұмның отбасына қайғырып көңіл айтамыз деген әскерилер мұндай жағдайдың бірінші рет болып отырғанын айтады. Ал әскери қызметшінің денсаулығында оған дейін кінарат бар, жоғын тиісті орындар анықтайтын болады.

Ернар ӘШІРБЕКОВ, 6506 ӘСКЕРИ БӨЛІМІ КОМАНДИРІНІҢ ТӘРБИЕ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

Құзырлы органдар қазір тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Және қолбасшының тапсырмасы бойынша қызметтік тексеріс тағайындалды. Оның денсаулығын жаңағы Шымкент қалалық 1 клиникалық ауруханадағы дәрігерлердің өзінің экспертизасы бар. Сол мәселе бәрі анықтап беретін болады. Ол қағаздардың бәрі қазір құзырлы органдарда. Қылмыстық іс қозғалған болатын.

Марқұмның артында жары мен 1 жасар ұлы қалды. Айта кетейік, сол күні тағы бір әскери өзін жайсыз сезінгені айтылған. Аурухана ем алып, қазір қайта сапқа қосылыпты.