$520.93 €609.07 ₽6.68
×

«Жетісу» қонақ үйінен шыққан өрттің себеп-салдары анықталуда

AstanaTV
13.10.2016ж. 20:00
2474
«Жетісу» қонақ үйінен шыққан өрттің себеп-салдары анықталуда

Алматыдағы «Жетісу» қонақ үйінің шатырынан шыққан өртті жұмысшылар өздері сөндірмек болған. Қалалық төтенше жағдай департаментінің мамандары осындай дерек келтіріп отыр. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Ғимараттан лезде 50 жұмысшы, маңайдағы дәмханадан 65 адам эвакуацияланған. Өрттің кесірінен 800 мың абоненттің ұялы байланысы үзілді. Айгүл Ермахан тарқатады.

Айгүл Ермахан, тілші:

«Жетісу» қонақ үйіндегі тілсіз жау кеш қарая тұтанды. Өрт әп-сәтте 3 жарым мың шаршы аумақты шарпыған. Кейбір ақпарат құралдарының мәліметінше, нысан биыл жекеге 1,2 миллиард теңгеге сатылған. Сондықтан күнделі жөндеу жұмыстары жүріп жатса керек. От тұтанғанда қонақ үйде 50 құрылысшы болыпты. Төтенше жағдай мамандарының айтуынша, олар тілсіз жауды өздері ауыздамақ болған. 

Сандуғаш  Баймұхамбетова, Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі:

Өртті сөндіру барысында өрт болған жердің жан-жағынан огнетушительдер табылған. Ол жаңағы құрылысшылардың өздігінен өшіргендері байқалады. Өрт сөндіруші қызметкерлер келгенше, өрттің үлкен аумақты шарпығаны көрініп тұрды.  Тағы бір айтып кететіні - қиындық өрт сөндіру кезінде сұйық битуммен жабдықталған шатыр. Сұйық битум өртті ушықтырды.

Өрт  тек сол маңайдағы адамдарды ғана емес, ұялы телефон абоненттерін де әбігерге салды. Мегаполисте 800 мың абоненті бар Теле 2 компаниясының тұтынушылары байланыссыз қалды. Өйткені аталған ұялы байланыс орталығының 3G, 4G  технологияларын байланыспен қамтамасыз ететін торабы өрт болған аумақта орналасқан.

Олжас Бибанов, Теле-2 Қазақстан компаниясының PR директоры:

Өрт сағат 21.30 шамасында толық сөндірілді. Біз қосымша байланыс каналдары арқылы түнгі сағат 12-де Алматы және Алматы облысындағы абоненттерімізді байланыспен қамтыдық. Бірақ дауыстық байланыс желілері кейбір аудандарда мүлдем болмады. Қазіргі уақытта біз қосымша желілерді қосу арқылы мәселені  шештік.

Бүгін таңертеңнен бері «Жетісу» қонақ үйінде қайта қалпына келтіру жұмыстары жалғасты. Басшыларынан өрттен келген шығынның көлемін сұрамақ болып едік. Алайда күзетшілер жуытпады.

Айгүл Ермахан, тілші:

Шатырдан шыққан өрттің неден тұтанғаны беймәлім. Төтенше жағдай мамандары сараптама дайын болмайынша, алдын ала болжам жасай алмаймыз деп отыр.

Айгүл ЕРМАХАН