Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Оралдықтар көлігін заңдастыру үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында түнеуге мәжбүр

23.06.2023ж. 20:00
843
Оралдықтар көлігін заңдастыру үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында түнеуге мәжбүр

Шетелден сатып алған көлігін заңдастырмақ болған оралдықтар мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының алдында қонып жатуға мәжбүр. Себебі ішкі істер министрлігі бекіткен мерзімнің бітуіне бір аптадай уақыт қалды. Ал көлігін рәсімдетуге тырысқан ағайын ауыл-аймақтан күн санап ағылып жатыр.

Темір тұлпарын заңдастырмақ болған Әлиханға «көлігіңіз 2023 жылдың қыркүйегінде келеді» деген түсініксіз хабарлама келіпті. Бұған түсінбеген жігіт енді мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының қақпасын күзетіп отыр. Жұртпен таласып кезек алып, алғашқылардың бірі болып кірмек.

Максим ӘЛИХАНҰЛЫ, АВТОКӨЛІК ИЕСІ:

250 километр жерден жаңа келіп өшірет алайын деп тұрмыз. Осында қонайын деп тұрмыз. Енді бұлай болмауы керек қой. Бәрі өзінің талабымен өтуі керек қой. Онымен бізде мынадай боп жатыр жағдай. Машинаны 300 мыңға алдық қой. Енді 200 мыңға оформить етеміз. Сонысы қиын болып тұр. Халықта жағдай жоқ қой

Айгүл АҚБАЕВА, АВТОКӨЛІК ИЕСІ:

Адамдар айтып жатыр ғой үш күннен бері тұрмыз. Соның бәрін естіп, жұмыстан сұранып, ертең таңертең алтыда келем ғой, өшірет алам ғой деп ойлағам. Онымен адамдар айтып жатыр: сен түнде барып өшірет алып ал дейді. Себебі таңертең барсаң кешке дейін бітпейді шаруаң деп.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының алды қазір көлікке лық толы. Кеше түнде келгендердің алды қазір көлігін рәсімдеуге кіріссе, ұшы-қиыры жоқ кезектің соңы жаңа техникамен сәт санап толығып жатыр.

Полиция дерегінше, Батыс Қазақстан облысында 200 мыңға тарта көлік тіркелген. Ал шетелдік техниканың нақты есебі жоқ. Шекарасы Ресейдің бес облысымен шектесетін оралдықтар әрісі армянның, берісі беларус, орыстың көлігін мініп жүр.

Нұрлыбек РАХМАН, АВТОСАРАПШЫ:

Негізі Армения мен Грузиядан әкелінген көліктердің жағдайы өте жақсы. Ал Ресейден келетін көліктің бәрі – «Лада». Көбі шіріп, тозығы жеткен. Үкімет осындай жеңілдік жасап, автопаркті жаңартып алғысы келген шығар? Бірақ тозығы жеткен көліктер енді қайтадан көбейеді. Осының кесірінен жол апаттары да жиілеуі мүмкін.

Жанболат ЖАНШИН, БҚО ПД БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Запрет, арест барлығын қойып жатырмыз. Тек тіркелмейтін автокөліктердің бір несі ол мына ұрлық автокөліктері, қандай да бір кузовының номерлік белгілеріне өзгерістер енгізіп, сондай автокөліктер қойылмайды. Бүгіннен бастап, 1-шілдеге дейін үлгіруі керек бәрін қойып. Ол қойыла ма, қойылмай ма, оған қандай да бір шектеуі бар ма, оған қарамау керек те, қоюы керек.

Бүгінде еліміздегі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары мен әкімшілік полиция басқармалары күшейтілген режимге көшіп, жұмыс уақыты ұзартылды. Бір ғана Оралдың өзінде 13 мыңдай мәшине заңдастырылған. Дегенмен бұл мүмкіндік былтыр 1 қыркүйекке дейін елімізге әкелінген шетелдік көліктерге ғана беріледі. Ал заң талабына сай келмеген техниканы қолдануға енді тыйым салынады.