Спорт Қазақстан
$441.44 €473.09 ₽4.75
×

Нидерланд орталығынан 4 000 жыл бұрынғы қасиетті орын табылды

AstanaTV
24.06.2023ж. 17:46
916
Нидерланд орталығынан 4 000 жыл бұрынғы қасиетті орын табылды

Археологтар Нидерланд орталығынан арықтар мен қорғандардан тұратын 4 000 жыл бұрынғы қасиетті орынды тапты, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Англияның оңтүстігіндегі әйгілі тастан жасалған құрылысқа ұқсайтын, көлемі жағынан үш футбол алаңына тең келетін қасиетті орын топырақ пен ағаштан тұрғызылған.

Археологтар бұл жерден жануарлар қаңқасын, адамның бас сүйектері және найзаның ұшы сияқты құнды заттарды тапты.

Қазба жұмыстары Роттердамнан шығысқа қарай 70 шақырым жерде орналасқан Тиль қаласының маңында жүргізілген.

«Ең үлкен қорған Англиядағы әйгілі Стоунхендж тастары сияқты күнтізбесі қызметін атқарған. Бұл киелі жер жылдың ерекше күндері аталып өтетін, ырымын жасап, қайтыс болғандарды жерлейтін аса маңызды орын болса керек. Шерулерге арналған жолдардың бойында қатар-қатар бағаналар тұр», - делінген Тиль қаласы әкімшілігінің хабарламасында.

2017 жылы қазба жұмыстары кезінде де археологтар бірнеше бейітті тапқан. Мамандар тас ғасыры, қола дәуірі, темір дәуірі, Рим империясы және орта ғасырларға жататын миллионнан астам қазылған затты зерттеуге алты жыл уақыт жұмсады.

Құрылыс жұмыстарын жалғастыру үшін қазба жұмыстары аяқталғаннан кейін алаңның беті қайта жабылған.

Табылған заттардың бір бөлігі жергілікті Тиль мұражайына және Нидерланд Ұлттық көне жәдігерлер мұражайындағы көрмеге қойылады.