Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Жекешелендіру. Күмән сейілмейтін саудалар...

AstanaTV
15.10.2016ж. 20:00
2517
Жекешелендіру. Күмән сейілмейтін саудалар...

Жекешелендірудің екінші кезеңінде 315 нысан сатылған. 86 млрд теңгеге. 1-қазанға дейінгі есеп. Биыл сатылғаны 67 нысан. 7 млрд теңге түскен. Саудада 200 нысан тұр, 186 млрд теңгеге бағаланған. Бұл үкімет отырысында айтылған сандар. Енді жалпыдан жалқыға келейік. Сәрсенбіде Аматыдағы «Жетісу» қонақүйінің шатыры өртенді. 3,5 мың шаршы метрге жайылған. Реконструкция жүріп жатқан, 50 жұмысшы өздері шығып үлгерген. Жанындағы дәмханадан 65 адам эвакуацияланған. Екі сағаттан соң өрт сөндірілген. Мұның жекешелендіруге не қатысы бар дейсіз бе? Тамыз айында қонақүй 1,8 млрд теңгеге сатылған-ды. Саудаға 1,2 млрд теңгеге шығарылған. Қыркүйекте қожайындары қайта жөндеп бастаған. Фирманың құрылтайшысы Дана Саржанқызы Нұрғалиева есімді азаматша екенін Форбс.кз жазды. Нұрғалиеваның «Мацар 2013» серіктестігінде де үлесі бар. Бұл компания «Өскемен өндірістік арматура зауыты» АҚ 80 пайызына ие. «Жетісу» қонақүйі қожайынының тағы бірнеше фирмасы бар. Тұрғын үйді жалға берумен, оларды салумен, кең спектрлі саудамен айналысатын. 

«Жетісу» қонақүйі 5 қабатты ғана ғимарат етін. 1992 жылы қалалық деңгейдегі сәулет ескерткіштері тізіміне енгізілген. Алайда былтыр Алматы әкімдігінің қаулысымен мәртебесінен айырылған. Яғни енді ол жерде бұрынғыдай 5 қабатты қонақүй емес, көп қабатты, зәулім отель тұрғызылуы мүмкін. Себебі келбетін сақтайтін статусы жоқ – сәулет ескерткіші болса, адам танымастай болып өзгермеуі тиіс етін... Жә, мұның бәрі ұсақ-түйек. Әйтсе де ұсақ-түйек деп қарай алмайтын сауда бар. Астана әкімдігі  «Астана» көкпар клубы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын 198 мың 700 теңгеге сатып, жұртты шалқасынан түсірді. Миға оралатын бірінші салыстырма - бір тайдың бағасы. Біреудің жалақысы, біреудің жалақысының жартысы, тағы біреудің жалақысының төрттен немесе бестен бір бөлігі... Әрине, ондай табыс таппайтындар, тіпті түсінде де көрмейтіндер аз емес. Бірақ клубтағы  11 жылқы, әбзелдері, көлік, басқа да құрал-сайманы үшін мұндай ақша расында кісі күлетіндей. Қалалық әкімдік қоғамдық резонанс туғызған саудаға байланысты кезінде Шалқардың шенеунігі айтқандай «бәрі чики, чики» деген мазмұндағы баспасөз мәслихатын өткізді. Иә, мұндай орынды ұстап тұрудың арзан болмайтыны белгілі. Алайда жекешелендіруді бірнеше рет бастан өткізгендіктен және мәселелердің қалай шешілетінін түсінетіндіктен жұрт мұндай сауданың әділ өткеніне сенбейді. Оның үстіне кімдердің сатып алып жатқаны жайлы ақпараттар мүлдем жоқ дерлік. «Жетісу» қонақүйінің жаңа қожайыны туралы ақпаратты көріп, жариялап жатқанымыз содан, таңғалыңқырап.

Жалпы, дәстүрлі түрде өтетін оңтайландыру VIP-тұлғаларға пайдалы бизнесті тиынға сатып алуға мүмкіндік беретін тиімді әдіс сияқты...  Заң жағынан тиісе алмайтын, бірақ қоғамның күмәнін туғызатын саудаға жарқын мысалды Айбек Қосанов талдап көрді.

Мұндай да болады екен деп шулады көпшілік. Ал кейбір ақпарат көздері көк тиынға кетті ғой деп байбалам салды. Отандық бұқаралық ақпарат құралдары бірінен-бірі іліп әкетіп, оқырман мен көрермен наразылық білдірді. Бірақ барлығы әдеттегідей - өз тірлігімен кетті... Бұл мәселе енді бой көтергенде бірден клубқа  барып, ондағы ағайынның пікірін білдік, әкімшілікке бас сұғып, шенділердің "шындығын" тыңдап қайттық. Барлығын ретімен баяндайын. 

Көз алдымызда асыл тұқымды жануарларды тиеп жатыр. Бұлар кімдікі? Қайда апарары белгісіз. Бір күнде атауы Алтай мен Атыраудың арасындағы атырапқа танылған орталық міне, осы жер. Атқораның ішіне бас сұққанымызда Валерийді жолықтырдық. Жылқыға жаны жақын өскен жігіт 10 жасынан бері осында. Бастапқыда шәкірт болды, жарысқа қатысып топ жарды. Енді міне бапкер - бала тәрбиелеп жүр. Елордадағы жалғыз орталықтың  "бүгіні бұлыңғыр, ертеңіміз не болады",-  деп күйінді.

Валерий Стародубов, бапкер:

Біздің көрсеткіштеріміз жоғары. Биылғы жылдың өзінде Бішкек, Ташкент, Астанада өткен әлемдік сайыстардан жүлделі оралдық. Үнемі алғашқы үштіктен көріну әдетке айналған.  Қазақстанның соңғы чемпионатының жеңімпаздары да біздің балалар. Жарыстар арқылы қаражат табуға болады, шындап кіріссе. Жалақымды жасырмай айтайын. 45 мың теңге аламын. Аз деп шағым айтып та көрмеппін. Ат құлағында ойнап өскен соң фанат болып кеткенбіз. Ендігі тағдырымыз қалай болары белгісіз. Жұмыссыз қалсам  жылқысы барларға қызмет көрсетемін.

Бос уақытын сүйікті спортына арнайтын қыздардың бірі - Анна. "Туған үйімдей болып кеткен ортада өзіммен бірге 140-қа жуық бала келеді. Бұл жердің бастығы ауысса барлығымызды бірдей жарылқай қоюы екіталай",- дейді. Сәби көңіл пікірін бүкпей айтты. 

Анна Мазур, клуб мүшесі:

Мен мұнда қатты бауыр басып қалдым. Жылқыларсыз өмір сүре алмаймын. Мына хабарды естігенде 2 сағаттай жыладым. Ортамызда барлығының  көңіл күйі түсіп кетті. Әке-шешем бұл қызығушылығымды құптап, қуанып отырады. Енді не болатынын білмеймін.

2004 жылы Аманжол Хасеновтың бастамасымен құрылған клубтың болашағы зор еді дейді көрші «Тұлпар» орталығының мамандары. Мән-жайды өзгеден бұрын өздерінен білмек болып кеңсеге кірсек, басшы жоқ, онсыз ешқандай ақпарат бере алмаймыз,- деген жауап алдық. Бұл қызметкерлердің де болашағы бұлыңғыр. Ал мына кубок пен марапаттар балалардың  сайыстардан бәйгені бермегенінің көрінісі. Оны енді кімге апарып бұлдарсың?! "Көкпарлықтар" сұхбат бермегесін "тұлпарлықтарды" сөзге тарттық. 

Болат Шалабаев , «Тұлпар» ат спорты клубы директорының орынбасары:

Жылқылардың бағасы дегенде, қарасаңдаршы, бағалары 5000-нан кем болмайды.  Асыл тұқымды, документтері бар. Денсаулығын тексеріп отырады. Құжатсыз шетелге де шығармайды. Сондықтан бағасы кем болады деп ойламаймын. Пайда бізге ол жасөспірімдер, спортсмендер. Олардың денсаулығы.Дұрыс өмір, дұрыс жол. Осы пайда үкіметке де, елге де, бізге де. Кәсіпкерге ол не керек? Ол алды атын сатып жіберді, бітті. Мен солай ойлаймын. Оған спорт не керек? Ол бизнесмен ғой.

2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарына сәйкес, Астана әкімдігі 4 кәсіпорынды сатып үлгерген. Олардың қатарында «Астана» көкпар клубы да бар. Алдын ала бағалау өткізіліп, соның нәтижесінде 41 млн 174 мың теңгеге сату лайық деп танылған. Сату ережесіне сәйкес аукцион 3 кезеңнен өткен. Бірақ екі саудада ешқандай кәсіпкер қызығушылық танытпапты. Үшінші кезең 4-қазанда өткізілді. Бағаны төмедету - голланд әдісі бойынша. Сөйтіп «Астана» көкпар клубы 198 554 теңгеге сатылады.  Сонымен бірге қала бюджетіне  бастапқы соманың 15 пайыз мөлшерінде  6 млн 374 654 теңге қайтарымсыз кепілдік салымы ретінде түскен. Әкімшілікте бұл жағдайға байланысты түсініктеме береді дегенді естіген тілшілер түгел жиналды. Айтарын алдын-ала пысықтап келген қала әкімінің орынбасары Лукин мырза мұндай кішкентай бағаға сатылып кеткеніне "біз өзіміз де қатты таң қалдық" дейді. Біздің таңқалғанымыз - прокурорлардың  сауданың заң аясында жүріп-жүрмегенін бір күнде тексеріп бергендері... 

Андрей Лукин,  Астана қаласы әкімінің орынбасары: 

Қала әкімі мәселені анықтауды тапсырған болатын. Бұл нысандардың әлеуметтік маңызы барын ескеріп, сатылым құжаттары Астана қаласының прокурорына жіберілді. Біз міне, қорытындысын алдық. Сіздерге оқып берейін. Акционның өткізілу тәртібі мен құжаттарды зерттегенде, ешқандай заң бұзушылық орын алмағаны анықталды. Сондықтан прокурорлық акт шығару қажет деп танылмайды.

Кезінде осы орталықтарды құруға қыруар қаражат кетті ғой,- деп шырылдаған журналистке "біз бұлардан құтыла отырып алдағы уақытта жарты миллиард теңге үнемдедік. Қандай шығын көріп тұрсыз дейді",- әкімнің орынбасары. 41 миллионның дүниесін 6,5 миллионға сату шығын емес екен,тыңдай түссек.

Андрей Лукин,  Астана қаласы әкімінің орынбасары: 

Кеткен шығынның көлемі үлкен екенін білемін. Біз бірақ, пайда көреміз деп жоспарлаған жоқпыз ғой. Мақсатымыз, бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру еді. Бұл талаптарды орындап тастадық, әлі де атқара береміз. 

Сауда сақал сипағанша деген осы. Ешқандай заң бұзушылық орын алмаған. Аукцион шартына сәйкес нысанның жаңа иесі қызмет профилін кем дегенде 3 жылға дейін сақтауы тиіс делінген құжатта. Жаңа қожайынның есімі де белгілі болды. Бауыржан Шәріп деген азамат. Клубты директорынан бастап, 40 бапкерді, 140 баланы "бауырыма  басамын",- депті Лукин мырзаға.  Ал экономист Сапарбай Жұбаев болса жекешелендірілетін нысандар туралы ақпараттардың аздығы осындай жағдайға әкеледі,- дейді.

Сапарбай Жұбаев, экономика ғылымдарының кандидаты: 

Бұл интернетте де хабарландыру болды, «Вечерняя Астана» газетінде де. «Астана ақшамында» неге болмады деген сұрау бар. Немесе халық көбірек білетін, тек Астана ғана емес республика бойынша қызығатын адамдар бар ғой. Себебі, Қазақстанның кез келген адамы тендерге қатыса алады. Сондықтан республикалық газеттерге ақпарат бергенде басқаша әсер беруі мүмкін еді.

Жекешелендірудегі  мақсат - бюджеттің шығыс бөлігін оңтайландыру. Экономикадағы мемлекеттің үлесін барынша азайту. Алайда толымды ақпарат кеңінен таратылмағасын, сауда барысы басынан аяғына дейін ашық баяндалмағасын, жұрт ұлардай шулайды. Әйтсе де соңында прокурор мөрі басылған қорытынды оқылады да, бәрі тынышталады...