Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Айықтырғыштар маскүнемдікті азайтуға сеп емес. Бірақ...

AstanaTV
15.10.2016ж. 20:00
2695
Айықтырғыштар маскүнемдікті азайтуға сеп емес. Бірақ...

Елімізде ішімдік ішіп алып, өзінің ғана емес, өзгелердің өміріне қауіп төндіретін, және қия салатын есерсоқтар аз емес. Жалпы маскүнемдік біздегі жаралардың бірі. Ішкі істер министрі заманға сай айықтырғыштарды көбейту туралы айтты. Ал айықтырғыштар мәселені түбегейлі шешуге ықпалдаса ма? Дәуренбек Бақдәулеттің материалы. 

Ішімдікке салынған уақытта ешнәрсеге қызықпайсың. Жұмыс та, ақша да, өмірдің мәнісі кеткендей болады.

Қызылордадан Павлодарға келіп, республикалық медициналық-әлеуметтік оңалту орталығында ем қабылдап жатқан Нұрбол 30 жаста. Ащы судың дәмін осыдан 10 жыл бұрын татқанын айтады. Әуелде жиын-тойларда аздап жұтып жүрген. Бара-бара ішімдік ішудің арасы бір айдан аптаға, кейін тіпті күнараға қысқарады. Арақтың кесірінен жақсы жұмысынан айрылып, туыс-туған, дос-жаран, көрші-қолаңның арасында беделден жұрдай болады. Мектептің мақтанышы, университеттің белсендісі, ұжымның үлгі тұтар қызметшісі болған ол бір сәтте ешкімге керексіз күйге түседі. Түрлі төбелестің кесірінен 15 тәулікке жабылған да. Ал, осы Нұрбол сындылардың саны бүгінгі таңда көбеймесе, азаймай отыр.

Гаухар Бектаева, Астана қалалық «медициналық-әлеуметтік оңалту орталығының» бас дәрігерінің орынбасары:

2015 жылдың қортындысы бойынша ресми тіркеуде тұрған науқастардың саны 186 мыңға жуық. Олардың ішінде әйел адамдардың саны 23474, ал кәмілетке толмағандарға келетін болсақ, 14 жасқа дейінгі балалардың саны 67.

Осыдан  болар,  үкіметтің кеңейтілген отырысында ішкі істер минситрі Қалмұхамбет Қасымов 5 жыл бұрын жаппай жабылған айықтырғыштарды заман талабына сай етіп ашу туралы мәселені көтерген болатын. 

Қалмұхамбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

Елімізде маскүнемдікке қатысты заң жобасы да  жүзеге аспай отыр. Тұрмыстық тұрғыдағы аса ауыр қылмыстық істердің 10 пайызы ішкіштердің үлесінде. Биыл арақ ішкендердің қылмысы 13 пайызға артты.

Ірі қалалардың барлығында уақытша оңалту  орталықтары бар екені баршамызға мәлім, ал, осы мекемелерді көбейту не үшін керек?  Иә, мас адам қылмыскер емес, бірақ оның  қоғамдық орында табылуы заңға қайшы, сондықтан ол уақытша болсын оқшаулануы тиісті. Сонда, осы орталықтардың жұмысы тек қана мас адамды уақытша оқшаулаудан әрі аса алмай қалады ма? Әлде оның мас күйінде қылмысқа бармауының алдын алады ма? Себебі министр өз сөзінде мас күйінде жасайтын қылмыс саны 13 пайызға артқанын айтқан болатын.

Алмас Сәдубаев, ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры:

Қазір көптеген қылмыстар жасалып жатыр, мен сізге бір ақ мысал айта кетейін, осы 9 айдың ішінде ішімдік ішкен азаматтар 14 мыңнан астам қылмыстық іс жасаған ол 2015 жылмен салыстырғанда 2 мыңға асып отыр.

Полицейлер айықтырғыштарды аудандарда ашуды айтады. Себебі оларда бірде-бір орталық қалмаған. Ел іші – алтын бесік болса да, маскүнемдер ауыл-аудандарда аз емес. «Қазір жастардың ішімдікке әуестігі жоқ» деген пікірлер жалған да емес сияқты. Бірақ маскүнемдердің саны жайлы, олар жасайтын қылмыс туралы ақпараттар өтірік емес. Ал олардың азайғаны байқалмайды. Қайта, ішкіштерге байланысты ресми есепті бірнеше есе көбейту керек. 

Алмас Сәдубаев, ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры:

Бүгінгі күні бізге тағы 36 уақытша бейімдеу және детаксикация орталығын ашу керек. Қазір 31 орталық бар. Бұл кезінде жабылып қалды, қазір үлкен қалаларда бар, аудандарда жоқ, бұрын барлық аудандарында болған.

Расында қалаларда жеткілікті. Оның үстіне орталықтарға әкелген адамдарды көп ұстамайды.

Гүлнар Бөлекова, Қарағанды облыстық наркологиялық диспансерінің директоры:

Осында бірнеше сағаттан бір тәулікке дейін жатады, кетеді. Оның орнына басқа біреулер келеді. Төсек ауыстырылады. Менің ойымша, осы бар орталықтар жеткілікті.

Ашылатын орталықтар «маскүнемдікті» азайта алмасы белгілі, бұл тек белгілі бір нөпірдің алдын алып тұру. Себебі бір тәулік оңалту орталығында жатып шыққандардың көбі осы жердің тұрақты келушілері деуге болады. Елімізде жан басына шаққанда бір адам жылына 11 литр таза этил спиртін қолданады екен. Қазір «маскүнемдік» синдромы жасарып, тіптен 10 жастағы балалар арақты сылқитып алатын дәрежеге жеткен. 

Гаухар Бектаева, Астана қалалық «медициналық-әлеуметтік оңалту орталығының» бас дәрігерінің орынбасары:

Ішімдікке салынып кету үшін бір жыл емес, екі жыл емес бірнеше  жыл уақыт керек. Жастардың ішімдікке салынып кетуі бізге келгенде олар тәуелділіктің 2-3 сатысында болады. Осы балалардың 23 жасында бізге келуі 16-17 жаста араққа бейім болғанын айтуға болады.

Астана, мұндағы орталықта да есіктегі бала мен еңкейген қарттарға дейін ем-дом қабылдап жатыр. Барлығының басты мақсаты ащы суға құмарлықтан арылу. Немеренің қызығын көрем деп отырған шағында маскүнемдікке ұрынғандардың бірі Нұргүл апай. Ол күйеуінің қатты мінезіне шыдамаған. Ақыры жұбанышты арақтан іздейді, артынша ажырасып, мұнан соң бәрінен қол үзіп тынған...

Нұргүл:

Аз аздап, аз адап кеп әлгі 100 грамм дегендей, содан бастадым Сосын базарда жұмыс істеп жүріп тоңғанда ішіп, әдетіме айнала бастады. Сосын күйеуіммен ажырастым, ол да бір үлкен соққы болды. Жұмысқа барам, бір арағымды ала келетін болдым үйге.

Нұргүл өз –өзін қолына алып, айығып келеді дейді дәрігерлер. Алайда оған қойылған диагноз өмірлік қала бермек. Себебі адам арақты қайта қойып кетуі де мүмкін, араға сан жылдар салып, қайта ұрынуы да мүмкін.

Әлібек:

Азанда «бас жазамын». Жұмысқа барам. Жұмыста бір шөлмекті алып қоямын. Кешке дейін соны бітіремін. Жұмыстан қайтарда ұжыммен кафеге кіріп, сыра ішеміз. Сөйтіп, үйге қайтамыз. Келесі күні де тағы солай ғой.

Мәди Тоқанов, «Асар» әлеуметтік оңалту орталығының басшысы:

Қазіргі күйзеліс, дағдарыс кезінде ауру көбейіп кетеді. Науқастар бізге жиі келеді. Сана сезімі жету керек. «Мен аурумын» деп. Бірақ, сонымен бірдеңе істеуім керек, емделуім керек деп.

Мұнда түсетіндер –қоғамдық тәртіп бұзғандар мен ішімдікке тойып алып отбасының шырқын бұзғандар. Көбісі 30-дан асқан ересек азаматтар мен әйелдер. Оларды полицейлер ұстап әкеледі. Дәрігерлер тексеріп, бөлмелерге орналастырады. Бұзақылардың тәртібі арнайы камералар арқылы бақыланып, оларды тәулік бойы полицейлер күзетеді.

Бес жылдың ішінде күл-талқаны шыққаны былай тұрсын. Өзімнің де күл-талқаным шықты. Өмірімнің күл-талқаны шықты. Үйленгентұғым, келіншегім кетіп қалды қызыммен. Оны да көре алмаймын қазір. Бәрінен айрыласың ғой. Ешнәрсең қалмайды. Жұмыс жоқ. Ақша да жоқ. Абырой да болмайды.

Ғалымдардың зерттеуінше әлемде әр 10 секунд сайын осы ащы судың кесірінен шамамен 1 адам көз жұмады екен. Ал, тәжірибе көрсеткендей «айықтырғыштары» жоқ елдер бәрібір осы тектес әйтеуір бір мекеме салуға мәжбүр. Сондықтан  саны екі есеге артатын «айықтырғыштар» араққұмарларды емдеуге емес, қоғамнан оқшаулай тұруға ғана тиімді болуы мүмкін сияқты. Әйтпесе маскүнемдік, қаншама кешенді бағдарламалар қолға алынғанымен, әл бермей отырған дерт. Мамандар азаюы мүмкін кезді болжап та айта алмайды...